Кеңес алып, іс бастаңыз

Бүгінде кәсіп ашамын деген жан «кімнен жөн сұраймын?» деп алаңдамайды. Жөн сілтейтін, тіпті қажетті құжатын дайындап беріп, кәсіп ашамын дегенше демеп жіберетін орталық бар. Бұл орталық атына сай кәсіпкерлерге қай кезде де қызмет көрсетуге әзір.

2016 жылы облыс­тық кәсіпкерлік және туризм басқармасы жанынан ашылған «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» «Бір терезе» қағидаты бо­йынша 9 бағыт аясында 68 қызмет түрін ақысыз көрсетеді. Сондай-ақ, орталықта көші-қон қызметі және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған фронт-офис те бар. Фронт-офис кәсіпкерлер құқығының қорғалуына, орталыққа келген кәсіпкердің мәселесін дер кезінде шешуге қызмет етеді.

– Бұрынғыдай кәсіпкер құжат соңында жүріп уақыт жоғалтпайды. Құжаттар тізімін орталыққа тапсырып, алаңсыз өз ісімен айналыса береді. Орталық қызметкерлері рұқсат құжаттарын толық рәсімдеп, дайын етіп ұсынады, – дейді орталық директоры Батыржан Аймағанбетов.

Осы орайда «орталық қандай қызмет көрсетеді?» деген сауал туындауы заңдылық. Бұрын кәсіпкерлер техникалық шарт алу үшін коммуналдық мекемелердің  табалдырығын тоздыратын. Бір рұқсат қағазына 1 ай жоғалтатын.

– Техникалық шарттарды алу мерзімін қысқарту және әкімшілік кедергілерді жою мақсатында орталық пен тиісті мекемелер арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды. Нәтижесінде бұл құжатты орталықтан және 5 жұмыс күні ішінде алуға мүмкіндік бар, – дейді директор.

Айта кетелік, орталықта өткен жылы кәсіпкерлерге 6070, биылғы жылдың 9 айында 6053 қызмет көрсетілген.

Орталықтың алдағы жоспары да айқын. Кәсіпкерлерге тиімді болу үшін жаңа қызмет түрлерін зерттеу, «Kasipker Online» бағдарламалық кешенін енгізу, интернет-дүкен ашу бо­йынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу және көмек көрсету, қолайлы инвестиция­лық климат құру міндетін алға қойған.

 

«СБ» ақпарат.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қазан 2019 г. 294 0