Қызылорда қаласының тұрғындары жағымсыз иістен жапа шегуде (сурет, видео)

Қызылорда қаласының тұрғындары жағымсыз иістен жапа шегуде (сурет, видео)Қызылорда қаласында 1,5 млрд. теңгеге салынған биотазалау бекеті толық іске қосылмай тұр, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Қымбат қондырғыларды ұстап тұруға да жыл сайын шамамен 100 млн. теңгеден астам қаржы кетеді. Ал коммуналдық нысан болса, жүктелген функциясын атқара алмай келеді. Ақауы таусылмайтын су тарту қондырғыларынан шыққан иіс шартарапқа жайылады. Ал оның зардабын шаһар шетіндегі ықшам аудандардың тұрғындары тартуда. Қаланың шет аймағында қоныс тепкен мекенде 100 шақты отбасы тұрады. Бұл аумақтың тұрғындарға берілгеніне 10 жыл болды. Бірақ әлі жарық, ауызсумен толық қамтылмаған, қатынас жолы да нашар. Алайда қоныстанушыларды қинайтыны – биотазалау бекетінен шығатын жағымсыз иіс. Жанат Күнболова, қала тұрғыны: - Жағымсыз иіс келіп тұрады. Есік-терезе аша алмаймыз. Тіпті ашу мүмкін де емес. Күн жылыса, ысып кетсе, есік-терезені ашсақ болды жағымсыз иіс бүкіл үйімізді алып кетеді. Демалуға мүмкін емес. Базарбай Алмауытов, қала тұрғыны: - Бірнеше рет келіңіздер, көріңіздер деп айттық. Бірақ ешкім келмейді. Қаланың шет аймағы, назардан тыс қалған жер. Мәселенің барлығы биологиялық тазалау бекетінің толыққанды жұмыс жасамауынан. 2005 жылы ашылған нысанның жұмысы 2 жылдай тоқтап тұрды. Сол кезеңде қозғалыссыз қалған қондырғылардың барлығы тот басып, істен шыққан. Тоқтасын Санахов,«Биологиялық тазалау стансасының» учаске басшысы: - Ескі жобамен салынғаннан кейін Кеңес кезіндегі сорғыштардың барлығының тозығы жеткен. Қазір ондай заттар шықпайды. Бізге сол жағы қиындық түсіруде. Заты да табылмайды. Әр жерден ескіні салып, лаждап отырмыз. Биотазалау бекеті жоба бойынша тәулігіне 70 мың текше қалдық су қабылдауы қажет. Алайда қазіргі таңда тек 30-35 мың текше су өңделуде. Қыстың күні жағдай тіпті қиындайды. Қаланың кәріз жүйесінен шыққан су 50 шақты қондырғы арқылы осы бекетке келеді. Сұйықтық өту көздері бітелген қондырғылардан мол қалдықсуды қабылдап, тазалауға қауқары жетпейді. Тоқтасын Санахов,«Биологиялық тазалау стансасының» учаске басшысы: - Қазір таза шығынға жұмыс істеп отырмыз. Өйткені тазарған суды 22 шақырымда орналасқан жерге жинақтауға жіберудеміз. Енді жаңаланады. Облыс әкімінің көмегімен 150 млн. теңге ақша бөлінген. Жобасы жасалынып, соны пайдалануға жұмыс жасалынып жатыр. Жаңғырту жобасы аясында қосымша 6 су қабылдау құбыры салынады. Қоймалар мен су тарту қондырғылары жаңартылып коммуналдық нысанның өндірістік қуаты артады. Бұл ретте тазартылған суды қаладағы көркейту, көгалдандыру жұмыстарына пайдалануға болады. Техникалық суды сатып, қосымша қаржы табу мүмкіндігі де туады.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 шілде 2014 г. 963 0