2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру аясында жылдың соңына дейін жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітіледі. Ол 5 міндетті қамтитын болады: бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтермен қамтамасыз ету, коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту, тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және жаңарту, құрылыс саласын дамыту», - деді Б. Атамқұлов Парламент Мәжілісінде «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуына арналған Үкімет сағатында. Осы орайда, министр оның тетіктері арқылы барлық қазақстандықтар табыс деңгейге сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін атап өтті. «Бағдарлама жобасы Қазақстанда бұған дейін қолданыста болған тұрғын үй бағдарламаларының барлық аспектілері мен артықшылықтарын қамтиды. Жаңа тұрғын үй саясатының идеологиясы – бұл әрбір жұмыс істейтін қазақстандық өз үйіне ие болады. Осы мақсатта тұрғын үйдің қолжетімділігі біртіндеп артады және тұрғын үйге мұқтаж әрбір отбасына тұрғын үй жағдайын жақсарту тетігі ұсынылады», - деді министр.
Одан бөлек, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, ҚИК және Тұрғын үй қорына кепілдік беру қоры сияқты жұмыс істеп жатқан операторларды Бірыңғай операторға біріктіру жолымен Холдингтің тұрғын үй блогын оңтайландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірыңғай оператор жобаның барлық кезеңдерінде стратегиялық жоспарлаудан бастап жобаларды толық сүйемелдеуге дейін тікелей қолдауды кешенді түрде көрсететін болады. Мұнда инжиниринг, цифрлық мониторинг және кейін пайдалануға беру бірге жүргізіледі. Бұл ретте, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесін дамытатын елдегі жалғыз оператор ретінде халыққа жеңілдікпен тұрғын үй қарыздарын беру жөніндегі жұмысты жалғастырады. «Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін алдағы 3 жылда жыл сайын қаржыландыруды ұлғайту және онымен 10 мың отбасын қамту жоспарланған. «Бақытты отбасы» (2-10-25) жеңілдікпен кредит беру бағдарламасына қатысушылардың санын 10 мыңға дейін артпақ», - деді Б. Атамқұлов.