Қазақстанда азаматтық авиация оқу орталығы құрылады

Қазір авиация мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны – Азаматтық авиация академиясында жыл сайын 400-ден астам адам білім алады.

Қазақстанда еуропалық стандарттарға сай Азаматтық авиация оқу орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Атамқұловтың айтуынша, отандық кадрлардың жетіспеушілігінен әуе компаниялары көбінесе шетелдік пилоттар мен әкімшілік құрамды жұмысқа тартады. Қазір Қазақстанда жалғыз оқу орны бар, ол – Азаматтық авиация академиясы. Онда жыл сайын 400-ден астам маман даярланып шығады. Олар ұшу практикасынан шетелде өтеді.

"Министрлік жоғары білікті кадрларды даярлау мақсатында Азаматтық авиация академиясын дамыту жоспарын әзірлеуде. 2020 жылы біз сала бойынша барлық оқу орнын шоғырландырып, еуропалық стандарттарға сай келетін Азаматтық авиация оқу орталығын құруды жоспарлап отырмыз", - деді министр.

Ол азаматтық авиация саласы үшін отандық білікті кадрларды даярлау министрліктің маңызды міндеті екенін атап өтті.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қазан 2019 г. 332 0