Кеше «Астана Арена» стадионында өткен «Атырау» және «Қайсар» командалары арасындағы Қазақстан кубогының матчы ортасынан үзіліп қала жаздады. Бұл туралы
ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
«6 қазан күні футболдан «Астана Арена» стадионында өткен «Атырау» - «Қайсар» матчын кейбір қызуқанды фанаттар тоқтатып тастамақ болды. Полиция қызметкерлерінің араласуымен даулы оқиға тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарды мәдени және спорт шаралары кезінде қоғамдық тәртіпті бұзбауға, арандатуға берілмеуге шақырады. Полицейлер құқық бұзғандар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.
Еске салсақ, Қазақстан кубогының финалы өтіп, «Қайсар» чемпион атанғаны туралы хабарлаған болатынбыз.