Ақсай қаласының тұрғыны, көп балалы ана күйеуі екеуінің табысын төмен көрсетіп, сәуірден бастап ай сайын 96 232 теңге атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Бұл туралы "Жайық Пресс" хабарлады.
Қазан айының алғашқы күнінен бастап, атаулы әлеуметтік көмек есебі өзгерді. Бұған дейінгі АӘК мөлшері республика бойынша күнкөріс деңгейінің 70 пайызымен (20 782 теңге) есептелінсе, енді төлем әр өңір ерекшелігіне сәйкестендірілді. Десе де мемлекет игілігін оңай олжа көретін, сол үшін жүзіктің көзінен өтуге дайын тұратындар да бар болып шыққан. Жайық Пресс мәліметі бойынша, Ақсай қаласының тұрғыны, көп балалы ана 11 сәуір күні арыз түсіріп, бес күннен кейін шартты ақшалай көмек түрінде АӘК тағайындалған. Ай сайынғы төлем 96 232 теңге болып белгіленіпті. Ол күйеуі екеуінің табысын төмен көрсеткен.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, отбасының І жартыжылдықтағы кірісі 3 678 370 теңге болғаны анықталған. Отбасы меншігінде киім дүкені бар. Сауда-саттықпен тұрақты айналысады екен. Басылым ақпаратынша, Атаулы әлеуметтік көмектің дұрыс тағайындалып, төленуіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2 425 отбасының табысын жасырғаны анықталды.
Бүгінгі күні табысы асып кеткен 782 отбасына төлем тоқтатылған. 1 468 отбасына қайта есептеу жүргізіліп, 175 отбасына тексеру жұмысы жалғасуда. Табыстарын жасыру фактісі бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде бүгінге дейін АӘК қаражаты есебінен заңсыз төленген 4747,4 мың теңге мемлекеттік бюджетке қайтарылған.