Білім беру саласында қордаланған мәселе өте көп. Салынбаған мектеп, мектепке сыймаған бала, игерілмеген ақшаны айтпағанда, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын дені дұрыс жүйе болмай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын атап өтті. Оған себеп – ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Расында да, білікті педагог жетіспейтін қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.
Соңғы 15-20 жылда қалыптасып үлгерген қасаң пікірдің түп-төркіні қайда жатыр? Жыл сайын жалақысын көтеріп, әрідегі мәселені әлеуметтік жағдайдың оңалуымен шешеміз деген шешімнің маңызы бар ма? Бүгінде ұстаздардың айлығы сатылап өсіп келеді. Дегенмен еңбекақы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеледі. Сондықтан көпшілігі қаражатының көбейгенін аса сезіне қоймайды. Қазақстандағы мұғалімнің айлық жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан 25 пайыз төмен. Германияда мұғалімнің бір айлық жалақысы – 4 мың евро, ал Қытайда – 1 мың доллар. Футбол командасының ойыншысы одан он, жиырма есе көп табады. Балаға білім бергеннен гөрі, доп қуалауды дұрыс көрсе, оған кім кінәлі?! Жас мамандарды қызметтік пәтермен бірден қамтамасыз ету керек. Бұл да мамандыққа деген қызығушылықты оятудың бір жолы. Екіншіден, осы еңбекақының аздығы мектеп бітірушілердің таңдауына өз ықпалын тигізіп отыр. Жалақысы жанбағысына жетпейтін мамандықты өздері беделді деп санайтын мамандықтарға қолы жетпей қалғандары ғана таңдайды. Олардың қатарында ер-азаматтар жағы, тіпті аз. Статистикаға сенсек, еліміздегі орта мектептерде сабақ беретін 300 мыңнан астам мұғалімнің 87 пайызы – әйел ұстаздар. Үшіншіден, педагогикалық бағытта жоғары білім алатын студенттердің 90 пайыздан астамы ақылы оқу топтарында оқитындықтан, олардың мектепке барып сабақ беруі міндеттелмейді. Төртіншіден, мұғалім қоғамның қолбаласына айналды. Еліміздегі қоғамдық-саяси науқанға, тазалық жұмыстарына, халық санағы және басқа да шаралар оларсыз өтпейді. Жоғары басшылықтың қысымынан өзінің кәсіби міндетін атқаруға уақыт таппайды. Бұған олардың қаптаған қағазды толтырып беретін есебін тағы қосыңыз... Бұл тізімді тоқтатпасақ, тізгінін тартқызбайды. Бұл мәселелерге елеңдеген елдің қарасы көбейіп, қоғам болып қолға ала бастаған тұста Білім және ғылым министрлігі оны «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасымен шешуге шешім шығарды. Күні кеше қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы бастаған бір топ мұғалімдер қауымы осы заң жобасының 5-бабына қарсылық білдірді. Заң жобасының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5-бабының 2-тармағында «педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласын-дағы уәкілетті орган бекітеді» деп жазылған. Қоғам белсендісі, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы мұны «ұстаздардың аузына қақпақ болу» деп есептейді. Өйткені сол баптың 4-тармағында «Ант мәтінін және педагогтардың оны қабылдау тәр- тібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» делінген. Мұғалім мәртебесін көтереміз деген желеумен, оның құқығын шектеу қаншалықты дұрыс?
Бәлкім, ұстаздарға деген көзқарас алдымен мемлекеттік деңгейде өзгеруі керек шығар?! Балтық жағалауындағы Латвия Республикасын алайық. Бүгінде ол – ел әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін білім беру, денсаулық сақтау салаларын ғана мемлекет құзырында қалдырып, өзге салалар бойынша жеке секторды дамытуға мүмкіндік берді. Біздің мемлекетіміз де саналы түрде білім беруді «болашаққа инвестиция құятын сала» деп есептеп, толықтай өз қамқорлығына алуы керек. Сонда ғана бұл саланың тамырына қан жүгіріп, сең қозғалады.
Aikyn.kz