Еңбек еріне құрмет

Жаңақорған ауданындағы Шалқия кентінде Еңбек Ері Шонабай Абжаловтың атына көше берілді. Шараға Қызыл­орда, Алматы қалаларынан, көршілес Түркістан облысының Созақ ауданынан да қонақтар қатысты. Өйткені, ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен шұғылданып, оны көбейтуге үлес қосқан Ш.Абжаловтың еңбек үлгісін көргендер әлі де бар.

Жиын барысында Шалқия кентінің әкімі Әбдімәулен Сабыр­ханов Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопанның өмірі мен еңбек жолы туралы баяндады.

Ш.Абжалов еңбекке ерте араласқан. Көмекші шопандықтан бастап, 1951 жылы бір отар малды қабылдап алады. Содан 1984 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққанша  шопанның ақ таяғын қолынан тастаған жоқ. Мал басын аман сақтап, төл алу мен жүн өткізуден жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш соңғы екі бесжылдықта төмендеген жоқ. Араға жылдар салып абырой мен атақ та келе бастайды. Орден-медальдармен марапатталады. Ұзақ жылдарғы еңбегі өз бағасын алып, 1971 жылы 8 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.

Игілікті шарада «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төр­­ағасының бірінші орын­басары Мажит Бал­қожаев, ардагер Зинабдин Шермағанбетов, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты түйе шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Ермаханов өздерінің ізгі тілектерін ортаға салды. Шалқия кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы ­Сәулебай ­Қалыбаев Еңбек Ерінің елеулі өмір жолынан әңгіме өрбітті. Мұнан әрі Ш.Абжаловтың көше атауы жазылған ескерткіш-белгінің лентасы қиылды. Бұл даңғыл көшемен енді елдің ертеңгі жеткіншектері мектепке барып, білім нәрімен сусындаса, ұрпақтары қоғамдық өмірдің ортасында тіршілік етеді.  

Жиын соңында «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» Ибадулла Байқожин батасын берді. Еңбек Ерінің ұрпақтары ас беріп, дұға бағыштады.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Жаңақорған ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2019 г. 561 0