Арал ауданындағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында «Жастар жылы» мен Жаппай кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жылы аясында жас кәсіпкерлер жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты жас кәсіпкерлердің өзара тәжірибе алмасып, бір-бірімен тығыз байланыс орнатуына және әлеуметтік клиенттермен жұмыс істеуге, өнім өткізуде тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беру.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов қатысып, жеке кәсіптерін ашып, тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыруда белсенділік танытып жүрген жастардың жұмыстарына табыс тіледі. Сонымен қатар, аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуына үлесін қосып, үздік нәтижеге қол жеткізген жас кәсіпкерлерге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Жәрмеңкеге келушілерге жас кәсіпкерлердің сүттен жасалған тағамдары, кондитерлік өнімдері, жиһаз түрлері, кофе дайындау әдісі, қолөнер бұйымдары мен балық өнімдері таныстырылды.
Аталған шара барысында «Шах-такси» қызметінің ұйымдастырған лоторея ойынының нәтижесінде жеңімпаз атанған тұрғындар бір реттік тегін жүру сыйлық сертификатына ие болды.