Қызылордада полиция қызметкерлері көп қабатты үй тұрғындарын өрттен құтқарып қалды
Қызылорда қаласының полиция басқармасы кезекші бөліміне Қорқыт ата көшесі бойындағы көп қабатты үйдің бірі өртеніп жатқаны жөнінде хабар келіп түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келген сәтте көп қабатты үйдің астындағы дүкеннің жанып жатқанын көріп, шұғыл тиісті сала мамандарына хабарласты. Өздері жалын құшағына оранған дүкендегі өртті сөндіруге және тұрғындарды құтқаруға кірісті. Олай етпеген жағдайда адамдар өміріне қауіп төнуі әбден мүмкін еді.
Полиция аға лейтенанты Бақытжан Айдарбеков, учаскелік инспекторлар: полиция лейтенанттары Қайрат Қанатов пен Бақытжан Досмағамбетовтің жедел әрекетінің арқасында ондағы жұрттың бірі дер кезінде сыртқа шығарылды. Нәтижесінде зардап шеккендер болған жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі нақтыланып жатыр.
«Естеріңізге сала кетелік, биылғы 19 тамызда Бақытжан Досмағамбетов осындай оқиғада тұрғындарды құтқаруға белсене атсалысқан еді. Ол жолы Мақсат Жылқайдаров және Мақсат Хасенов секілді әріптестерімен бірге өртеніп жатқан көп қабатты үйдегі 17 адамның өмірін аман сақтап қалған болатын», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.