Бүгін Қызылорда қаласының 201 жыл толған тойына арналған жеңіл атлетикадан марафон өтті. Жүлде қоры 500 000 теңгені құрайтын "Салауатты-Қызылорда" атты қала күні мерекесіне арналған бұл жүгіріс марафонына 1500-ге жуық қызылордалықтар мен қала қонақтары қатысты. Жарыс 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар және 18 жастан жоғары ерлер мен әйелдер болып төрт топқа бөлінді.
5,5 шақырымды құраған аталған жарыс "Сыр-Ана" монументінен бастау алып, "Евразия" мәдени спорт кешенінен аяқталды. Марафон нәтижесінде 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы сайыста Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Жаратылыстану институтының "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша білім алып жатқан бірінші курс студенті Галина Панасенко бірінші орынды жеңіп алды.
Марафонның жабылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар мен қаржылай сыйақылар табыстады. Қала күні аясында өткен бұл шара спорт апталығының қорытындысы ретінде ұйымдастырылды.