Халқымыз қашаннан көкірегі көмбе, ақылман ақсақалдарын ардақтай білген. «Қариясы бар елдің қазынасы бар», «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген ұлағат осы сөзімізге дәлел.
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыстарын жандандыру жолдары» атты облыстық семинар өтті. Шара сол жағалаудағы жаңа қала құрылысымен танысудан басталды. Онда аға буын өкілдері «Болашақ» университетінің жаңа ғимаратында студент жастармен, профессор-оқытушылармен кездесті.
Одан кейін қонақтар «Ақсуат» ауылдық округі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Остаевты құрметті демалысқа шығарып салуға арналған шараға қатысты. «Ардагерлер – асыл қазынам» атты шарада оған Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атағы мен қала әкімінің «Құрмет» грамотасы табысталды. Қалалық білім бөлімінің, «Ақсуат» ауылдық округі әкімі құрмет көрсетті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев семинарға белсенділікпен қатысқан ардагерлерге алғысын жеткізді.
– Біз үлкенді сыйлап, тыңдап, сеніп, еріп, төңірегіне топтасып іргелі ел, қабырғалы халық болдық. Аға буын ардагерлер – аймағымыздағы ардагерлер ұйымдары жүйесінің қалыптасуына, іскерлік тәжірибе жинауына, аяғынан тік тұрып, ықпалды, беделді де берекелі қоғамдық ұйымға айналуына үлкен үлес қосты, – деді ол.
Шарада «Ұлттық тәрбиенің алтын тұғыры – салт-сана ұрпаққа мұра», «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбымен кездесу өтті. Оған мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Семинар жұмысы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Биік парасат иесі» тақырыбы бойынша ғылыми-танымдық конференциямен қорытындыланды. Конференция С.Шаухамановтың 80 жылдығына орай, оны еске алуға арналды.
Айта кету керек, бұл күнде облыстың барлық ұжымдары мен құрылымдарында ардагерлердің бастауыш ұйымдары қарқынды жұмыстар ұйымдастыруда. Бүгінде облыс бойынша 724 бастауыш ұйым, оның құрамында 74 мыңға жуық ардагер бар.
Шынар БЕКБАН.