Қызылордада жас архивистер байқауы өтті

Қызылордада республикалық жас архивистер конкурсы мәресіне жетті. Республикалық конкурс 24-25 қыркүйек күндері өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды. Республикалық конкурс биыл елімізде аталып өтіп жатқан Жастар жылына орайластырылды. Оны ҚР Президенті архиві мен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастырды. Республикалық конкурс биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Оған ҚР Президенті архиві және Алматы, Жамбыл, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысынан 8 команда қатысты. Екі күндік бағдарламаны қамтитын конкурста командалар 4 сайыс бойынша шеберлік сынасты.
Конкурс барысында жас архивистер тиісті заңнамалар бойынша тест тапсырды. Қызылорда қаласында жаңадан пайдалануға берілген архив ғимараты және құжаттық көрмелермен танысты. Конкурсқа қатысушы жастар Қызылорда қаласының сол жағалауына орналасқан Жастар ресурстық орталығында бақ сынасты. Конкурсты облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ашып, командаларға сәттілік тіледі.
Бұл күні командалар «Архив жастары - болашаққа жол бастар» тақырыбында сәлемдесу, архив жұмысы туралы видеоролик және үйге берілген тапсырма «Біздің архивтің жеті қыры» тақырыбында сайысқа түсті.
Екі күнге созылған республикалық конкурста қазылар алқасының қортындысымен жүлдегер командалар анықталды. Бас жүлдені Қызылорда облысының «Сыр жастары» командасы жеңіп алды. Одан кейінгі орынға ҚР Президенті архивінің «Жас қыран» командасы ие болды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2019 г. 561 0