«Томирис» фильміне қанша қаражат жұмсалғаны жарияланды

  «Томирис» фильміне қанша қаражат жұмсалғаны жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Фильмнің түсіріліміне 10 млн доллардан аз ақша кетті. «Қазақ хандығы» сериалы мен басқа да фильмдердің бюджеті де сондай. «Қазақфильмнің» бюджетінде ең қымбат фильм – Көшпенділер. Ол туындыға шетелден әртістердің тартылғанын білесіздер. Шетел маманын шақыру – кино бюджетіне қатты әсер етеді. «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» және «Қазақ хандығы: Алтын тақ» фильмін шығарған кезде бізге «Шыңғысханның» 38 сериалын түсірген Батыр атты режиссерді шақырдық. Біз оны әу баста шақырып, ол консультант ретінде жұмыс істеп, ақыры бұл фильмнің түсірілуіне ол 50-100 млн доллар керектігін айтты. Ақыры, оның қалауы біздің оң жамбасқа келмеді де, онымен қоштасып, 10 млн долларға «Қазақ хандығын» түсірдік. Ал «Томирис» фильміне шамамен 3 млрд теңге жұмсалды», - деді «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Әсенов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Баспасөз мәслихаты барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев фильм бюджетін нақтылады. «Томирис» фильміне 2 млрд 259 млн теңге жұмсалды», - деді ол.
 Еске сала кетсек, режиссер Ақан Сатаев осы жазда «Томирис» фильмінің трейлерін жариялаған болатын. Трейлерде жақындарынан айырылған кішкентай Томиристің Сақ патшайымы лауазымына дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Онда Сақ тайпаларының Парсы патшасы Кирге қарсы жорығы көрініс тапқан және кейіпкерлер ежелгі түркі, ежелгі парсы тілдерінде сөйлейді. Фильмге еліміздің танымал киножұлдыздары Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисембин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпековтер түскен. Фильм 27 қыркүйектен бастап прокатқа шығады.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қыркүйек 2019 г. 454 0