Қазалы ауданында тұрғындар жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы аясында 24,5 млн.теңгеге 142 бас аналық сиыр, 8 бас асыл тұқымды бұқа алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.
Бұл туралы аудан әкімдігінің мәжілісінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Назымбеков Күнтілес хабарлады. Сала басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы Қызылорда қаласындағы «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы Әйтеке би кентінен «Құрманбай» ШҚ 10,0 млн теңге несиеге 57 бас аналық сиыр 3 бас асыл тұқымды бұқа, Қазалы қаласының тұрғыны, жері Көларық ауылдық округіне қарасты «Қуаныш» ШҚ 8,5 млн теңге несиеге 53 бас аналық сиыр және 3 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды.
Қарашеңгел ауылдық округінен Өркен шаруа қожалығы 6,0 млн теңге несиеге 32 бас аналық сиыр, 2 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. «2014 жылдан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ несиелендірілетін Ауылшаруашылығы министрлігі жылқы шаруашылығын дамытуға «Алтын асық» және отбасылық сүтті тауарлы мал шаруашылығын дамытуға «Ырыс» бағдарламалары ұсынылып отыр. Мал басын көбейту және асылдандырудан бөлек, бұл бағдарламалар жайылымдарды сумен қамтамасыз ету мен инфрақұрылымн жақсартуды көздейді. Несиелердің пайыздық үстемақысы мемлекет тарапынан субсидияланады. Аталған бағдарламалармен шаруа қожалықтарын таныстыру мақсатында бағдарлама туралы шаруашылықтарға насихаттау жұмыстары жүргізілуде», - деді сала басшысы өз хабарламасында.