Мемлекеттік басқаруды қалыптастыру процесінің басты бағытының бірі – қызмет көрсету жүйесін дамыту. Бұл ретте «Сапаны арттыру үшін қандай шара қолға алынуда? Жауапкершілік жүгі зор қызметте салғырттық бар ма?» деген сауал туындауы орынды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы да жуырда осы мәселені талқылады. Отырысқа департамент басшысы Нұрман Талқанбаев төрағалық етті.
Жиында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Жанбота Жұмабаева атқарылған жұмыстың ауқымы кең екендігін атап өтіп, алға межеленген жоспарды баян етті. Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміндегі 740 қызметтің 192-сін жергілікті атқарушы органдар ұсынады. Оның ішінде «Damu-Med», «Е-лицензиялау», «Е-собес» секілді 22 ақпараттық жүйе бар.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтерді ашық және тиімді ұсынуды жүктеді. Бұған дейін Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жыл соңына дейін көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80, ал 2020 жылы кемінде 90 проценті электронды форматқа көшу туралы айтты. Бұл орайда облыста жыл соңына дейін 56 қызмет түрі автоматтандырылмақ. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім саласындағы 4 қызметті автоматтандыру жоспарлануда, алайда оның ішінде 2 қызметтің стандарты бүгінге дейін бекітілмей отыр. Бұдан бөлек, қазір жер қатынастары саласында ЖАО-мен 14 қызмет түрі көрсетілсе, оның 3-еуі «Е-лицензиялау» ДҚ АЖ-де автоматтандырылған. Қалған 11 қызметті орталықтандырылған түрде автоматтандыру қажет. «Өңірлік геоақпараттар жүйесін» құруға да облыстан 177 млн теңге бөлінді. Аталған жүйеге бас жоспар, түбегейлі жоспарлау жобалары, инженерлік жүйе мен бос жер учаскелері жайлы ақпарат енеді, – деді Ж.Жұмабаева.
Мұнан соң жұмыс тобы келесі шешімді ұсынды. Облыстық білім басқармасы 1 қазанға дейін «Е-МДБҰ» базасын «Е-Акимат» базасымен интеграциялау жұмысын толық жүргізуі керек. Сонымен қатар қала, аудан әкімдіктеріне электронды қызметтердің үлесін арттыру ұсынылды.
Отырыста бұдан бөлек атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау қызметіне қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев атқарылған жұмыстарға тоқталып, 25695 отбасыға көмек тағайындалғанын жеткізді. Жүйеде орын алған олқылықтар да бар екен. АӘК тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайын зерттейтін және ұсынылған мәліметтің дұрыстығын тексеретін учаскелік комиссия түпкілікті зерттеу жүргізбей, жұмыспен қамту орталықтарына қағаз жүзінде ұсынылған ақпараттарды ғана негізге алған. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне отбасының материалдық жағдайын тексеру жұмыстарын әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ҮЕҰ арқылы жүргізу ұсынылуда.
– Қазір ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту» орталығы арқылы алынған мәлімет бойынша облыстағы 3637 отбасына АӘК тағайындалуының дұрыстығы қайта тексерілуде. Бұған дейін 1-2 тоқсанда табысын жасырған 1101 отбасына 898,3 млн теңге көмек тоқтатылды. Оның 155,6 млн теңгесі бюджетке қайтарылуы тиіс, – деді Т.Дүйсебаев.
Басқарма басшысы өткен жылы жылдық табысы 1 млн теңгеден асатын, бірақ АӘК алған 160 отбасының және салық есептілігін нөлдік табыспен тапсырған 216 кәсіпкердің де тізімі облыстық кірістер департаментіне жолданғанын, қайта тексеру жұмыстары жүргізілгенін алға тартты.
Жиын қорытындысында басқармаға «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» қызметінің регламентін бекітіп, мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала, аудан көлеміндегі орталықтарда түсіндірме жұмысын күшейту тапсырылды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ