Осыған дейін хабарлағанымыздай, 4 қыркүйек күні Арал ауданы, Қамыстыбас көлінің солтүстік батыс беткейінде орналасқан «Тоқпан» қашқын суында балық шабақтарының қырылу дерегі орын алған-ды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаев мүдделі мемлекеттік органдардан құрылған жұмысшы топтың қорытындысын хабарлады.
– Соңғы күндері ауа райы күрт құбылмалы боуына байланысты аптаған ыстықтан бірден салқындап, күшті жел тұрып, судың төменгі қабаты мен үстіңгі қабаты алмасып, «термоклин» жағдайы туындаған. Су құрамындағы оттегі мөлшерінің өзгеруінен болған деп бір тұжырымға келді, – деді ол.
5 қыркүйек күні өзара іс-қимыл кестесіне сәйкес, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен балық өлімінің себебін анықтау мақсатында зертханалық сынамалар алу үшін жедел ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, «Тоқпан» суы маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне енгізілмеген. Қазіргі таңда балық шабақтарының қырылуына жол бермеу үшін «Тоқпан» көліне жақын орналасқан учаскелерде шабақтарды құтқару жұмыстары ұйымдастырылуда. Сараптама қорытындысына сәйкес, «Тоқпан» су айдынында қалған балықтарды аулау адам өмірі мен қоршаған экологияға зиян емес.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».