Лондонда Мақпал Жұмабайдың концептуалды концерті өтті

Мәдениеттер тоғысына айналған Лондонда заманауи қазақ өнерінің жарқын өкілі Мақпал Жұмабайдың шығармашылық кеші табысты өтті. Ағылшын тарихында Черчильден кейінгі орында тұратын атақты тұлға, Темза өзенін қазып туннель салған инженер – Брунельдің музейі (The Brunel Museum) сахнасында ән салған Мақпалды өнерсүйер қауым ыстық ықыласпен, құрмет-қошеметпен қарсы алды.

Көп назарына ұсынылған «AUA» концептуалды концерті – адамның ішкі жан-дүниесі мен өмір сырына үңілуі, бостандық пен ерік жолындағы соны ізденістері. Осыған дейін қазақ тыңдармандарының жүрегінен терең орын алған оның мақамды жырлары талғампаз батыс оқырмандары тарапынан да зор қызығушылыққа ие болды. 

Жоба авторы, продюсері – ақын Мақпал Жұмабайдан бөлек шығармашылық ұжым қатарында музыкалық жетекші Бейбіт Ақош, музыканттар Оралхан Сәдуақас, Руслан Журбин, Бақыт Жетенов, Әліби Әбдраханмановтар музыкалық сүйемел жасап, көркемдік тұтастықта өнер көрсетті. Мақпал Жұмабайдың концерт барысында орындалған жырларының мәтіні алдын-ала ағылшын тіліне аударылып, кеш қонақтарына кітапша ретінде тарту етілді. Оған қоса лед экран арқылы тікелей аудармасы да қатар көрсетілді. 

Ағылшын тіліне аударған белгілі ақын, кәсіби аудармашы Дэвид  Кук (Ұлыбритания) салтанатты кешке қатысып, ақын шығармашылығына қатысты жылы пікірде екенін жеткізді. Автор осынау кешке арқау болған «AUA» турасында былай дейді: «Өмірлер, адамдар, тағдырлар, сөздер, ойлар, сезімдер, оқиғалар, құбылыстар, қоғамдар, замандар, бәрі-бәрі тек ауада ғана қалады. Басқа ештеңе мәңгілік емес, тек соларды сіңірген ауа ғана мәңгілік. Енді мен ауаны ғана тыңдаймын, ауаны ғана естимін, ауаға ғана айтамын және ауаны бәрі үшін кешіремін. Бұл – өмірімдегі ең үлкен тәуекелдерімнің бірі».

Аталған концертке Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі елшілігі қолдау көрсетті. Кештің құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан елшілігінің өкілдері, көрнекті ағылшын өнертанушылары, танымал әдебиетшілер мен аудармашылар, Ұлыбританияда тұратын қазақтар, университет студенттері және жергілікті жырсүйер қауым қатысты.

Мақпал Жұмабай – өз шығармашылығын Maqpalsher деп атап, өзіндік  музыкалық-поэтикалық концепция бойынша жұмыс істеп келеді. Өнері философиялық, дүниетанымдық  ойға құрылып, адам жанының терең қатпарларына бойлайды. «Мақпал шер», «Жалғызым» атты поэтикалық-музыкалық  альбомдары жарық көріп, «Мақпал шер» (2013-2017), «Жалғызым» (2017), «АUA» (2018)  концептуалды концерттері өтті.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2019 г. 537 0