Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын тың міндеттерді тарқатып айтты. – Саяси құжатта көрсетілген мақсат-міндеттер түйінді мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, тұрақтылық пен табысқа бастайды. Оны әлеуметтік өзгерістердің кешенді бағдарламасы десек болады, – деді Н.Байқадамов.
Сонымен қатар Наурызбай Сейітқалиұлы облыста идеологиялық бағытта қолға алынған шараларға тоқталып, білім беру саласындағы басым міндеттерді, денсаулық сақтау саласындағы оң бастамалар мен спорттағы байыпты істерді ортаға салды. Спикердің айтуынша, биыл білім беру сапасын арттыру мақсатында бірқатар шара жүзеге асқан. Соның нәтижесінде Сыр жастары халықаралық, республикалық білім додаларында топ жарып жүр. ҰБТ нәтижесі де жоғары. Түлектердің 60 проценттен астамы жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына қол жеткізген. Сонымен бірге биылғы оқу жылында облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес, колледждерде «Жаңа мамандықтар атласын» зерделей отырып, өңірге қажетті мамандықтарды ашу және түлектерді тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша рейтинг жүргізу қолға алынады.
– Жасанды интеллект санадан асып түсіп, робототехника жаңа қарқынмен дамып келеді. Сондықтан креативті ойлайтын және серпінді инновацияны жасауға қабілетті мамандарды әзірлеу керек. Ол үшін алда пайда болатын немесе тұрақты сұранысқа ие болып қала беретін мамандықтарды айқындауға ықпал ететін құралға, яғни атласқа сүйенгеніміз жөн. Үздіксіз білім алуды да тоқтатпау қажет. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, кей елдерде табиғи ресурс аз болғанымен, билік адами капиталды дамытуды жолға қойған және өмір бойы білім алу тұжырымдамасын негізге алған. Болашақтың нақты инвестициясы да осы, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыс әкімінің орынбасары денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқарып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін жеткізді. Дәрігер тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы ілкімді істерді алға тартты. Соңғы үш жылда 400-ге жуық жас маман өңірдегі медициналық ұйымдарға жұмысқа тартылғанын, қазір оның тең жартысы бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарында қызмет ететінін айтты.
Жастарды бұқаралық спортқа жұмылдыруға бағытталған жобалардың қарқын алуы да қуантады. Қазір облыста заманауи спорт алаңдары, стадиондар, сауықтыру алаңдары көптеп салынуда. Мәселен, биыл билік пен жеке сектор арасындағы тиімді байланыстың, яғни МЖӘ-нің аясында 20 жоба жүзеге аспақ. «Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде 7 спорттық нысан құрылысын іске асыру көзделген. Оның ішінде байдарка және каноэ есу базасының, сол жағалауда орналасатын көгалдағы хоккей алаңы құрылысы мен Тасбөгет, Жосалы, Жалағаш, Шиелі кенттері мен Ақай ауылынан салынатын 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бар.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары 2020 жылы атаулы күндерге орай басымдық берілетін шараларды қаперге салды.
– Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдық мерейтойын, сондай-ақ, ең ұлы мереке – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бүгінде кешенді шаралар жоспары әзірленуде, –деді Наурызбай Байқадамов.
Брифингті қорытындылаған Наурызбай Сейітқалиұлы аймақ дамуын ілгерілететін жұмыстардың одан әрі жалғасатынын, жаңа міндеттерді іске асыруға, жаңашылдықтар енгізуге күш салынатынын атап өтті.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.