Қызылорда облысында жылу беру маусымына дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде. Сала мамандары арнайы нысандардағы жөндеу жұмысы аяқталуға жақын екендегін жеткізді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Қазіргі күні аймақтағы коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда жылу маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.
– Оның ішінде «Қызылорда жылу электр орталығында» – 99, Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында – 95, «Қызылорда су жүйесі» мекемесінде 100 процентке орындалды, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Марат Делмұханов.
Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин:
– Қызылорда қаласы, Белкөл кентіндегі казандықты табиғи газға ауыстыру мақсатында 183 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде, - деп атап өтті.
Қызылорда облысындағы әлеуметтік нысандарына 37 мың тонна көмір, 22 мың тонна дизель отыны қажет. Қазіргі күні белгіленген мекемелер жеткізіп беру жұмыстары жүруде.
Басқарма басшысы өз сөзінде:
– Қоймада қажетті көмірдің әзірге – 92, сұйық отынның 90 проценті бар. Облыстағы 31 қабылдау пунктінде көмір 13-16 мың теңге аралығында саудаланып жатыр. Шұбаркөл көмірі – 14900 теңге, Қаражыра көмірі – 15625 теңге, Майкөбен көмірі – 16000 теңге, Богатырь, Жалын көмірі 13125 теңгеден сатылуда. Алайда, халық оны сатып алуға асығар емес. Жылдағы әдетпен күн суыған кезде ғана қимылдаған жағдайда кезек көбейіп, қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан қыстың қамына осы бастан кіріскен жөн, - деді.
Ал Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова Қызылорда облысында жылу бағасы жыл аяғына дейін өзгермейтінін хабарлады.