Арал ауданы әкімі М.Оразбаев аудандық балалар өнер мектебі мен аудандық мәдениет орталығындағы газдандыру жұмыстарымен танысты. Биылғы жылы жоспарға сәйкес аталған мекеменің бу қазандығын газбен жабдықтап, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Газдандыру жұмысын мердігер мекеме "АЭS and Limited" ЖШС жүргізген. Жергілікті бюджет есебінен қаржысы бөлінген нысанға тиісті жұмыстар жүргізіліп, жылу беру маусымына толықтай дайын.
Осы орайда, газдандыру нәтижесін көзбен көріп қайтқан аудан басшысы жұмыс сапасына оң бағасын бере отырып, тиісті сала басшыларына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін қатаң ескертті. Одан әрі, аудан орталығынан іргесі қаланып жатқан аудандық оқушылар үйінің құрылыс басына ат басын бұрды.
Айта кету керек, осы тектес биылғы жылы аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарға газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылу беру маусымына дейін құрылыс жұмыстары толығымен аяқталу көзделіп отыр. Мәселен, қаладағы №64 орта мектептің бу қазандығы газбен жабдықталуда. Қазіргі таңда қаржысы қаралып, тиісті жұмыстар жүруде. Жоспар бойынша алдағы қазан айында толығымен пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, қаладағы «Алтын балық», «Гүлдер» және «Мереке» балабақшалары да осы жылы газ желісіне қосылады деп жоспарлануда.
Мұнан өзге, Арал қаласындағы №62 мектеп-лицейі, №220 орта мектебі және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде жүргізілген көгілдір отынға қосу жұмыстары өз мәресіне жеткен.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі