Педагог мәртебесі: Ел күткен екі ұсыныс електен өтпей тұр


«Биылдың өзінде заңсыз шығарылған 20 қызметкер қайтадан жұмысқа алынды. Мысалы, Атырау қаласындағы №26 мектеп директоры тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын еңбек келісімшартында көрсетілген мерзімнен бұрын жұмыстан шығармақшы болған. Ол бізге телефон арқылы хабарласып, жұмыстан шығарылатыны туралы жазбаша ескерту алғанын айтты. Сол жерде тұтқаға мектеп директорын шақыртып, мәселе ауызша шешілді. Әлгі хабарламаның күші жойылып, жүгінуші еңбек демалысына шықты. Жұмыстан шығарар кезде тиесілі сауықтыру жәрдемақысын да төлемей қоймақшы болған екен. Оны да төлеттік», - дейді Айгүл Мұқашева.
«Жыл басынан бері білім саласында еңбек заңнамасы 1886 рет бұзылған. Соңғы кезде заңсыздықтар Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында жиі кездеседі. 2016 жылы мұғалімдерге тиесілі 122 млн теңге қайтарылды. 2017 жылы 200 млн теңгеге жуық, 2018 жылы 300 млн теңгеге жуық ақша өз иесін тапты. 2019 жылдың бірінші жартысында 119 млн теңге қайта төленді. Осының бәрі жергілікті әкімдіктердің білім саласына қалдықтық прициппен ақша бөлетінін көрсетеді», - дейді кәсіподақ өкілі.
«Жақында ғана Өскемен қаласынан ұстаздар шағымданды. Оларға еңбек демалысына шыққанда сауықтыруға арналған жәрдемақылары заң бойынша жыл көлемінде істеген сағатына сай төленуі керек еді. Ал әкімдік бюджетте ақша жоқ деген уәжбен барлық ұстаздарға тек бір ставка мөлшерінде ғана ақша аударған. Маңғыстау, Павлодар облыстарында да осындай жағдайлар орын алды. Маңғыстауда тіпті мұғалімдерге тиесілі 6,5 миллиард теңге уақытында төленбеген. Тағы да сол әкімдіктер «ақша жоқ» деген уәжбен төлемей, уақытты созып келген», - дейді Айгүл Мұқашева.
Осындай уәжді алға тартқан сарапшылар білім саласы әкімдіктерге кіріптар болмай, тікелей министрлікке бағынуы керек екенін айтады. Тоқтала кететін жайт, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заң жобасында педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделгенін айтқан еді. Мысалы, заң жобасы бойынша мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу да заң жобасында қарастырылған. Бұл ретте кәсіподақ өкілдері мектептерді әкімдікке емес, министрлікке қаратса, жағдай оңынан шешілетініне сенеді.
«Қазір кез келген мәдени шара мен ресми жиынға мұғалімді қара көбейту үшін тарту белең алып тұр. Жергілікті әкімдіктер мектептерге қаржы бөлетіндіктен директор оның айтқанынан ауытқып кете алмайды. Бірнеше жыл бұрын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енген өзгертулер бойынша облыстық білім басқармалары облыс әкімдігіне, аудандық білім беру бөлімдері аудан әкімдіктеріне қаратылды. Оған дейін бәрі тікелей министрлікке бағынатын еді. Мұғалімдер әкімдіктің қолшоқпарына осылай айналды. Өйткені, әкім мектеп директорларын өзі тағайындайтын болды. Негізінде облыстық басқармалар тікелей министрлікке қарауы керек», - дейді ол.
Айгүл Мұқашева әңгіменің соңында тағы бір қисынға сыймайтын мәселені айтты. Ауыл мұғалімдеріне коммуналдық жәрдемақы ретінде жылына бір рет төлем жасалады екен. Оның мөлшерін облыстық мәслихат бекітуі тиіс. Аязы ақырған Солтүстік Қазақстан облысының мәслихат депутаттары әлгі соманы 1300 теңге деп белгілепті. Бұл жәрдемақы мөлшерін де арнайы нормативпен реттеу керектігін айтады маман. Жаңа сессияға кіріскен Парламенттің суырмасында «Педагог мәртебесі туралы» су жаңа заң жобасы бар. Үкімет бекіткен құжатты депуттаттар қарап, артық-кемін кесіп-пішеді. Ендеше 730 мыңнан астам мүшесі бар кәсіподақ ұйымының ендігі үміті Парламент депутаттарында.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қыркүйек 2019 г. 880 0