Ел үшін маңызды құжат

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұң­ғыш рет халық­қа ар­наған «Сындарлы қо­ғамдық диалог – Қа­зақ­стан­ның тұрақ­тылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялады.
Жолдаудан туын­дай­тын міндеттер Прези­дент­тің сайлауал­ды бағ­­­дар­ламасының не­гіз­­гі ере­­желерімен сәй­кес келе­ді. Пре­зидент өзі қа­был­даған ше­шім­дер­­дің жү­йелілігін және олар үшін нақты жауап­кер­­шілікті сезіне­тінін көр­сетеді.
Соңғы кезеңдегі оқиғалар Қазақстан қоғамының өткір саяси мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға да­йын екенін көрсетті. Қоғамдық сая­си реформаларға сұраныс бүгінгі күні ерекше жоғары. Сондықтан қоғамдық диалог тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының өзегі болып отыр. Елдің саяси жүйесін кезең-кезеңмен жаңаша жаңғыртуға шақыра отырып, Президент: «...елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша табыс­ты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес» деді. Президент мемлекеттік сындарлы міндеттерді ашық талқылауды бастауды ұсынады. Осыған байланысты көппартиялықты одан әрі дамыту, қоғамдық келісімді сақтау, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерге баса назар аударды.
Президент еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың «негізгі кілті» – тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл жөнінде «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деді.
Мемлекет басшысы Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты бөлімінде білім саласына тоқталып, «Елімізде еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деді. Расында қала мен ауыл мектептері ара­сын­дағы орта білім сапасы алшақтап барады. Бұған ауылдық жерлердегі білікті пе­дагог кадрлардың тап­шылығы әсер етуде. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту мәселесі дер кезінде көтеріліп отыр. Президент Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсыруы көп түйткілді шешеді деп ойлаймын. Оқулық сапасына қатысты ойлар да көңілден шықты.
Президент Жолдауда қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының осы түрін неғұрлым сындарлы деп есептей келе, азаматтарды ашық диалогқа шақырады. Сонымен бірге, өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айтып оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынады, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді прагматикалық тұр­ғыдан бағалайды.
Халыққа жолдаған құнды құжатта көрсетілген міндеттерді жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз қажет деп ойлаймын. Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжі ұжымы мен студенттері ҚР Президентінің Жолдауын онлайн режимінде көріп, пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, колледж ұжымы Жолдауды талқылап, халық арасында түсіндірме жұмысын жүргізуге үлестерін қосуда. Атап айтар болсақ, білім ордасында тәлімгерлер мен ұстаздар қауымы пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Жолдауда айтылған басым бағыттардың маңыздылығын дәйек етіп, сондай-ақ, міндеттердің ерекше мәнге ие екенін тілге тиек етті.
Жолдау егемен еліміздің ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық, азаматтық татулық пен келісім, серпінді экономика мен мықты әлеуметтік саясаттағы жетістіктерін нығайтып, мемлекетімізді жаңа сапалық кезеңге бағыттамақ.

Шолпан ДӘУЛЕНБАЕВА,
академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,        
экономика ғылымдарының магистрі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қыркүйек 2019 г. 502 0