Биылғы жыл Қармақшы ауданындағы Төребай би ауылы диқандары үшін табысты болды. Негізінен бақша дақылдарын егіп, оны көрші елді мекендер мен мына шеті Қызылорда, мына шеті Жосалы мен Төретам кенті, Ақай ауылы және Байқоңыр қаласы тұрғындарына арзан бағаға сатумен айналысып келе жатқан ауыл бақшашылары осы үрдісті жалғастыруда.
Қауын-қарбыз піскелі бері Төретам кенті мен Ақай ауылдарында жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жәрмеңке ұйымдастырып келеді.
Осы үш елді мекен тұрғындары диқан қауымның еселі еңбегіне дән риза. Арзан әрі дәмді қауын-қарбыздарды сатып алып, дастархан мәзірін толтыруда. Қияр, қызанақ және басқа да көкөністерден қысқа қор дайындауда.
Ерте көктемнен бастап, бақша дақылдарын баптап-өсіріп, міне, енді сол дақылдардан алған өнімдерін ел-жұртпен бөлісуде. Қармақшылық диқандар әр аптаның сәрсенбі мен сенбі күндері Жосалы,Төретам кенттері мен Ақай ауылдарында ауыл шаруашылығы тауарлары өнімдерінен, оның ішінде қауын-қарбыз, көкөніс пен басқа да бақша дақылдары мен жем-шөптен жәрмеңке ұйымдастыруда. «Халық тарапынан бұл шараға қатысу өте жоғары» дейді Жосалы ауылдық округінің әкімі Сәрсенкүл Есқалиева.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.