Коммуникативті дағдыларды дамытуға арналған тренинг

Облыстық сотта БАҚ өкілдері мен блогерлер, адвокаттарға арналған коммуникативті дағдыларды дамытуға бағытталған «Береке көзі - бірлікте» тақырыбында тренинг өтті.
Іс-шараға облыстық сот судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Маликова, психолог, коуч-тренер Айгерім Саурықова, аудандық және оған теңестірілген соттардың баспасөз қызметіне жауапты төрағалары мен судьялары қатысты.
Тренинг мақсаты - топтық коучинг әдістерін пайдалана отырып, ортақ мақсатқа жетудегі қарым-қатынас дағдыларын дамыту, сот ақпаратына қолжетімділік бойынша жұмысты белсендіру.
Іс-шараны ашқан баспасөз қызметін үйлестіруші судья Ш.Маликова өз сөзінде «Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар мен әлеуметтік желілердегі пікірлер арқылы қоғамда көзқарас қалыптасатыны белгілі. Сот шешімдеріне қоғам тарапынан сенімді қалыптастырудың басты кепілінің бірден бірі жүйелі ақпарат жариялау болып табылады. Бүгінгі тренинг мақсаты журналистер, блогерлер, адвокаттармен  сындарлы өзара іс-қимыл орнату, сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар мен сот жұмысына қатысты айтылатын пікірлер және ұсыныстарды, нақты мәселелерді ортаға салып, бірігіп шешудің жолдарын қарастыру», - деді.
Қызылорда қалалық сотының судьясы Жазираш Дербісәлиева журналистер мен заңгерлердің қоғамдағы қатынастарды реттеудегі рөлдеріне тоқталып, соттар жұмысын жариялау бойынша БАҚ-пен өзара байланысты қамтамасыз ету туралы айтып өтті.
Өз кезегінде психолог, коуч-тренер А.Саурықова психологиялық тренингтер өткізіп, медиа-шеберлік құпиясымен бөлісті. Атап айтқанда, жанжал барысындағы қарым-қатынас жасаудың тиімді тәсілдері мен топта жағымды әлеуметтік-психологиялық ахуал қалыптастыру, резонансты сот істерін жариялау мәтінінде шиеленісті жағдайлардың алдын алу құралдарын дамыту туралы әңгімеледі.
Спикер А.Саурықованың ұйымдастыруымен рөлдік ойындар арқылы судьялар мен БАҚ өкілдері, адвокаттар өзара орын алмастырды.
Тренингте журналистер мен блогерлер, адвокаттар пікірлерін білдірді, ал судьялар бірлескен жұмыстағы түйткілдерден құлағдар болды. Сонымен бірге, БАҚ өкілдері ақпарат алудың тиімді тетіктері мен соттармен байланыс орнатудың жолдарын анықтап алуға мүмкіндік алып, пікір алмасты.
Кездесу соңында қатысушылар өзара іс-қимыл жөнінде ұсынымдар әзірледі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қыркүйек 2019 г. 1 160 0