« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
“Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады” деген қазақ танымында аса құдіретті, өте қадірлі, данышпандық пен даралықтың негізін қалайтын тектілік феноменін сақтаудың арқасында бірнеше ғасырлар бойы уақыт сүзгісінен өткен асыл дәстүр, терең ой, ақыл, парасат, өмір тәжірибесі, генетикалық ілім дәлелдеген даналық көзқарас жиынтығы бар. Бұл қасиет ұрпақтан ұрпаққа қан арқылы беріліп, сабақтасып отыратын қатаң тәрбие негізінде дариды. Міне, осы жоғарыда айтылған тектілік феномені біздің бүгінгі айтқалы отырған Шәріпбай (Шәкең) ағамызға тікелей қатысы бар екеніне менің ешқандай күмәнім жоқ.
Шәкең 1934 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Әлназар көкірегі ояу, қолы ашық кісі болған.
Әлназардан бес бала тарайды. Шәкең екінші класта оқып жүргенде әкесі қайтыс болып, жетімдіктің, жоқшылықтың қиындығын көреді. Дегенде еті тірі, талантты, қайсар бала сол қиындықтарды жеңе отырып, алдына қойған мақсатына жігер-қайраты мен алғырлығының арқасында жетіп, оқуын жалғастырды.
1952-1953 жылдары Қызылорда қаласындағы медтехникумды (медучилище) өте жақсы бітіріп, Алматы медициналық институтының емдеу факультетіне сынақсыз қабылданады. Шәкең институтты өте жақсы бітіргеннен кейін туған еліне оралып, Жаңақорған аудандық ауруханасының бас дәрігері болып 1958-1963 жылдары қызмет атқарады. Аурухананың жұмысын жақсарту мақсатында уақытпен санаспай, күн демей, түн демей еңбек етті. Тұрғындардың денсаулығын жақсарту жолында ауқымды жұмыс атқарды. Аудан орталығында жаңа аурухана салынды. Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін білім, төзім, білгірлік, ерекше қабілет пен ізденімпаздық керек-ті. Міне, осы аталған қасиеттердің бәрі дерлік Шәкеңнің бойынан табылған еді.
Ол кісі орта бойлы, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, кең маңдайлы, өткір көзді, шапшаң қимылдайтын, бір көргенде-ақ кез келген адаммен тіл табысып, үлкенді үлкендей, кішіні інісіндей сыйлап, етене жақындасып, бауырласып кететін. Шәкеңнің осындай керемет қасиеттері бала кезінен қалыптасып, оның жүрген ортасында, жора-жолдастарының арасында мәртебесінің биік, қадірінің жоғары болуына тікелей әсерін тигізді. Бас дәрігердің Жаңақорған ауданындағы атқарған жұмыстары өте жоғары бағаланып, облыстық денсаулық бөлімі Шәкеңді облыстық аурухананың урология бөлімінің, көп ұзамай қалалық ауруханаға меңгеруші етіп тағайындады.
1964 жылы Мәскеуде Кеңес Одағының бас урологы, академик Лопатиннің клиникасында алты ай оқып, урологиялық операциялардың небір қиын түрлерін жете меңгеріп, 1970-1995 жылдары облыста бас уролог қызметін атқарды. Шәкең үнемі оқудан, ізденуден жалықпайтын. Өзінің кәсіби деңгейін, білімін Ленинград, Киев, Харьков сияқты қалаларда көтеріп, облыстағы бірден-бір алтын қолды врач-хирург-уролог атанып, республикаға аты әйгілі болды. Осы жылдары 5 мыңнан астам операция жасап, талай ауруларды ажалдан құтқарып қалды. 1960-1970 жылдары Қазақстан бойынша жан-жақтан емделушілер ағылып келіп, алтын қолды маман, жоғары дәрежелі дәрігер-уролог Шәкеңнен ем алып, ота жасатып, құлан-таза айығып, елдеріне қайтатын. Ол уақытта қалалық ауруханадағы хирургия бөлімі 70 төсектік еді. Күн сайын ауруханаға жедел жәрдем арқылы неше түрлі ауыр науқастар түсіп, оларға төтенше жағдайда операциялар жасалатын. Сол кездегі бір қиын жағдай әлі көз алдымнан кетпейді.
Түнгі сағат 3-тің кезінде ауруханаға жасы 24 шамасындағы жігітті алып келді. Жағдайы ауыр, қан қысымы өте төмен. Көп қан жоғалтқан, себебі өзінің қосауыз мылтығы абайсызда атылып, шаптағы үлкен (артериялық) тамырларды, көк еттерді қопарып, аударып тастаған. Ауруға жедел түрде наркоз беріліп, дереу ота жасалды. Барлық тамырлар байланып, қан тоқтатылды. Ауру аман-есен жазылып, отбасына оралды.
Екінші жағдай, көшеде болған төбелес кезінде аурудың кеудесіне пышақ салынып, көп қан кеткен. Жарақат кеуденің сол жағында, жүрек тұсында, ұзындығы 5-6 см. Қан қысымы анықталмайды. Жедел түрде реаниматолог-анестезиологтар кірісіп, наркоз берілді. Шәкең көзді ашып-жұмғанша кеуде қуысын ашып, жүректі алақанында ұстап, кесілген жерін тігіп, қанды тоқтатты. Жүрек ойдағыдай жұмыс істей бастады. Ол кісінің айрықша өзіне тән қасиеті – ешқашан да саспайтын, дауыс көтермейтін, бірақ өте шапшаң қимылдап, әр операцияны ойдағыдай жасайтын.
Бірнеше жыл бойы бүйрек ауруларына байланысты жасалған операциялардың ғылыми негіздеріне талдау жасап, нефроптоз ауруының себептерін анықтап, асқындырмау жолдарын дәлелдеп, ғылым кандидаты атағына материалдар жинақтады. Бірақ, оны қорғауға ғұмыры қысқа болды.
Шәкеңнің бойындағы жақсы қасиеттердің бірі – оның барлық адамдарда кездесе бермейтін үйлесімді кішіпейіл, ақкөңіл, жомарттығы мен адам баласына деген қамқорлығы. Осындай қасиеттерімен ол тек қана жақын туыстары мен жұмыстас жолдастарының емес, барлық елдің сый-құрметіне ие болған еді. Себебі, Шәкең өмір бойы халықтың денсаулығы мен ағайын-туыстарының қандай да болмасын жағдайларына өте сергек қарап, қолынан келген жақсылығын аяған емес.
Шәріпбай Әлназарұлының өмірлік жан серігі, отбасының ұйытқысы, әулетке құт-береке сыйлаған, иманжүзді, мейірбан ана Шолпан Көпербайқызы екеуі бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Үш қызы дәрігер, екі немересі медакадемияда оқып жатыр.
“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген қазақтың дана сөзінің құндылығын осы ағамыздың отбасынан анық сезінесің. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болған жоғары білімді мамандық иесі.
Шолпан апай 40 жыл ана мен баланың денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп, мыңдаған сәбиге әлемнің жарығын, босанатын әйелдерге өмір сыйлаған, халықтың алғысымен көктеп-көгерген алтын қолды, адал жанды дәрігер-ана. Бойына даналық та, даралық та, аналық та, адамдық та дарыған ел мақтанышы. Осындай адал жардың жолдасы болған Шәкең үлкенге де, кішіге де сыйлы еді. Олардың қатарында халықтың мақтанышы болған Ернияз Омаровты, Елемес Көшкінбаевты, Сара Дәуітбаеваны, Өтеп Наурызбаевты, Сағымбай Құлсартовты, Айтжан Әмірсейтовті, Тимур Құдабаевты, Аймырза Омаровты және олардың өмірлік жұбайлары Қадиша, Лиза, Күлтай, Мира, Клара, Жібек, Әнипа, Әзизбектерді Шәкең үнемі аузынан тастамай айтып отыратын. Дастархан басында жарасымды әзіл-қалжың, күлдіргі анекдоттарды айтып, арасында әнге ұласып, әрбір кездесулері ерекше бір шалқыған теңіздей, қалықтаған шағаладай достық пейілдің, достық махаббаттың айғағындай той-думанға ұласатын.
Шәкеңнің дәрігерлік шеберлігінің, білгірлігінің әркез өрістеп отыруына сол кездегі қалалық аурухананың бас дәрігері, кейін облыстық денсаулық басқармасының басшысы болған Омаров Ернияз ағаның көп ықпалы болды десек, артық емес. Ернияз аға ізденіп оқығандарды, ерінбей еңбек еткендерді, жұмысқа жан-тәнімен адал берілгендерді үнемі байқап, біліп, оларға бар мүмкіндіктерді жасап отыратын. Шәкең облыстың бас маманы ретінде барлық аудандардағы бүйрек ауруына шалдыққан науқастарды профилактикалық тексеру жолымен тауып, бүйректің өз орнынан төмен түсу себептерін анықтап, көптеген (нефроптоз) ауруларға Пытель-Лопаткин тәсілі бойынша ота жасап, оларды құлан-таза айықтыра білді. Ол кезде мұндай оталар басқа облыстарда жасалмайтын. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ер балаларда кездесетін Гипоспадия (сыртқа шығатын зәр жолының туа бітті ақауы) ауруына пластикалық оталар жасап, ойдағыдай нәтижеге ие болды.
Шәкең өзінің шәкірттерін дайындауға баса назар аударып, барлық ота жасау әдістерін көрсетіп, үйретіп, жақсы хирург-уролог болуларына ұстаз ретінде көп еңбек сіңірді. Міне, соның арқасында шәкірттері Ерсұлтан Сегізбаев, Бекет Бекишев, Нұртай Ысқақов облысқа белгілі тәжірибелі маман болып шықты. Шәкең тек урологиялық операцияларды ғана емес, барлық іш қуысы ағзаларына жасалатын оталарды өте шебер меңгерген хирург еді.
Шәкең аурухананың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, өзінің ұйымдастыру қабілетін көрсете білді. Бастауыш партия ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетінің мүшесі, халық бақылау секторының басшысы қызметтерін атқарды.
Ол кісінің ағалық қамқорлығын да ұмыту мүмкін емес. 1970 жылдары жаңа жылды қарсы алу мерекесі күні аурухана қызметкерлері көңілді кешті ойдағыдай атқарған еді. Бір уақытта бір дәрігердің тіктіріп киген норка құлақшыны жоқ болып шықты. Іздеп таппадық. Бұл жағдайды Шәкең естісе керек. Істің мән-жайын білгеннен кейін қояр да, қоймай үйіне ертіп барып, су жаңа қымбат құлақшынын басына кигізіп жіберген. “Ешқандай да ақша бермейсің, құнын төлемейсің. Бұл құлақшын саған бергенім болсын” деген екен. Оны Шолпан апай да қоштап, жас дәрігерді риза етіп жіберген.
“Әрине, осы бір сәттің өзі ағаның адамгершілігінің белгісі. Мен осы уақытқа дейін ұмытқан емеспін, ұмыта да алмаймын”, – дейтін жас дәрігер. Мұның өзі өзгелер үшін үлкен үлгі болатын.
Шәріпбай Әлназарұлының медицина саласында атқарған ұзақ жылдардағы еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, 1972 жылы “Кеңес мемлекеті денсаулық сақтау саласының үздігі”, 1983 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері” атақтарына, тағы да басқа көптеген марапаттарға ие болды.
Бұл – шын мәнінде елге еткен еңбектің айқын дәлелі еді...
Сағындық Шәмшиев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
жоғары санатты дәрігер,
«Қызылорда қаласының
құрметті азаматы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |