Мемлекеттік еңбек инспекторлары ағымдағы жылдың 7 айында 5,5 мың кәсіпорынға тексеру жүргізіп, 7,9 мың еңбек заңнамасын бұзушылықты анықтады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еңбек заңнамасын сақтау - кез-келген кәсіпорынның тұрақтылығы мен табыстылығының кепілі. Өкінішке орай, бүгінде республикада 125 кәсіпорында 1,6 млрд теңге жалақы бойынша берешек бар. 3 еңбек жанжалы орын алған, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешек сомасы 5 млрд теңгені құрайды. 2,4 мың қызметкер қысқартылды, өндірісте 749 адам жарақат алып, олардың ішінде 82 адам қайтыс болды», – деді Біржан Нұрымбетов.
Министр 2016 жылы жаңа Еңбек кодексінің қабылдануымен мемлекет ең төмен еңбек стандарттарын, қызметкерлерге төленетін негізгі кепілдіктер мен өтемақылар белгілегенін еске салды. Бұл ретте жұмыс берушілер тарапынан олардың орындалуына бақылау қамтамасыз етіледі.
«Осы жылдың 7 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 5,5 мың кәсіпорында тексеру жүргізді. Оның барысында 7,9 мың еңбек заңнамасы бойынша бұзушылық анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтарға жол берген кәсіпорындардың басшыларына 3,2 мың нұсқама берілді. Сонымен қатар 217 миллион теңгеге 1,6 мың айыппұл салынды. Еңбек инспекциясының талабы бойынша жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған 11 адамды жұмыстан босатты. 11 жабдықты пайдалануға және 8 ұйымның қызметіне тыйым салынады. 523 іс құқық қорғау органдарына жолданды. Олар бойынша 79 қылмыстық іс қозғалды», - деді Б.Нұрымбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атап өткендей, елордада 71 мың белсенді кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл республикада 471 мыңнан астам адам жұмыс істейтін ұйымдардың жалпы санының 16 пайызын құрайды. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік инспекторлардың саны 11 адам, яғни әрбір инспекторға 6 мың кәсіпорыннан келеді.
«Егер бұл кәсіпорындарда еңбек тәуекелі анықталған жағдайда, еңбек инспекторларының оларды толық тексеруге өкілеттігі жоқ. Сондықтан әкімдік ең алдымен, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын, біліктілігі мен материалдық-техникалық жарақтандырылуын ұлғайта отырып, мемлекеттік бақылауды күшейтуі қажет», – деді министр.