Апта басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға өз Жолдауын жариялады. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын бұл тарихи құжатта еліміздің әрі қарайғы өсіп-өркендеуіне арналған басым бағыттар көрсетілген.
Қоғамның барлық саласын қамтыған Жолдауда денсаулық сақтау саласына да басымдық берілгені қуантады. Осы орайда Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын жақсарту мәселесін айрықша назарға алып, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттеді және үкіметке БЦП диагнозы бар балаларға медициналық, әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Президент Жолдауда медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге аса көңіл бөліп отыр. Осы бағытта келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылатынын айтты. Оған қоса Мемлекет басшысы «Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан атсам теңге бөлінеді» деп нақтылай түсті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Осы орайда Қ.Тоқаев үкіметке жаңа жүйенің беделіне нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Жалпы Жолдауда ел дамуына бағытталған тың бастамалар баршылық. Дәрігер, басшы ретінде мені бала құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық берілгені қуантты. Сонымен бірге үшжылдық бюджет аясында саланы дамытуға қосымша қаржы бөлінбекші. Салаға деген мұндай қолдау бізді әрқашан қанаттандырады. Өзім басшылық жасайтын емхана ұжымы Жолдауды қолдаймыз әрі онда нақтыланған міндеттерді іске асыруда бар күш-жігерімізді салатын боламыз.
Гүлстан Мақсұтова,
№3 қалалық емхана бас дәрігері.