Бүгінгі таңда облыс көлемінде жалпы құны 8 750 000 /сегіз миллион жеті жүз елу мың/ теңгені құрайтын заңсыз қаруларды тапсыру жайлы 194 арыз тіркеліп, азаматтармен 249 қару өткізілді. Олардың 22-і иір ойықты, 222-і тегіс ұңғылы қарулар, 5 дана жарақат салатын қарулар, 1 дана «РГД-5» қол гранатасы. Сондай-ақ, акция кезінде 270 дана оқ-дәрілер қабылданды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, іс-шараны өткізуге облысымызға 19 000 000 /он тоғыз миллион/ теңге қаржы бөлінсе, бүгінгі күнге оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде өтеусіз тапсырған азаматтарға 5 000 000 /бес миллион/ теңге қаражат берілді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 желтоқсандағы № 1299 қаулысымен бекітілген Азаматтардың заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде өтеусіз тапсыру ережесіне сәйкес 2014 жылғы 21 сәуірден ерекше өкімге дейін, Республика аумағында тұрғындарда заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу кезекті акциясы өткізілуде. Акцияның негізгі мақсаты азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдау болып табылады. Қазіргі таңда Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы және аудандық ішкі істер бөлімдерінде азаматтар тапсырған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ дәрінің техникалық жай-күйі мен оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс жасауда.
Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Тапсырылған қарудың, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.