Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметовтің қатысуымен брифинг өтіп, биыл жартыжылдықта атқарылған жұмыстар сараланды.
Басқарма басшысының айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік медицина ұйымдарының саны жылдан жылға артып келеді. Есепті мерзімде олардың үлесі 52,3 процентті құрады.
Биыл облыстың 2019-2026 жылдарға арналған өңірлік перспективалық жоспары бекітілді. Оның негізінде денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуда бюджет есебінен және жеке инвестиция тарту мақсатында 2026 жылға дейін 81 млрд теңгеге 107 нысанның құрылысын салу мен жөндеу жоспарланып отыр. Ал биыл жоспар аясында 8,3 млрд теңгеге 21 жобаны іске асыру көзделген.
Жоспарланған 17 БМСК нысанының 10-ы пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында №1 қалалық емхана орнына 400 келушіге арналған емхана ашу, 6 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік амбулаторлық бекетті пайдалануға беру жоспарлануда. Жеке инвестиция тарту мақсатында «Медтроник Қазақстан» ЖШС мен МЖӘ шеңберінде пилоттық режимде облыстық көпбейінді ауруханасы мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық зертханалар орнатылды. Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту және Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазалы ауданаралық ауруханасы базасында кардиологиялық орталық ашылады деп күтілуде.
– 2017 жылдан бастап республикада алғашқылардың бірі болып біздің облысымызда халықаралық ұйымдармен бірлесіп пилоттық режимде, ал, былтырдан бастап барлық жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға арналған патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап-прогрессивті моделі енгізілген болатын. Нәтижесінде нәресте өлімінің себептерінің ішінде үйде қайтыс болу жағдайлары – 24 процентке, жазатайым жағдайда қайтыс болу 44,1 процентке азайды, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Қазіргі таңда облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент республиканың 5 жоғары оқу орнында резидентурада білімдерін жалғастыруда. Олардың алғашқы 15-і биыл оқуын аяқтап келеді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында салада ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Осындай ауқымды жұмыстар нәтижесінде облыс халқының орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы 5 жылда 1,6-ға ұлғайып, 72,7 жасты құрады.
Айнұр Батталова