Өңірде металлургия кешені құрылады

Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыты бүгінде 5 түрлі өнім шығарып, 100 мың тоннадан астам цементті көрші үш өңірге – Түркістан, Ақтөбе, Алматы облыстарына сатып үлгерсе, шілде айынан бастап Өзбекстанға 7,5 мың тонна өнім экспортталды. Осы және облыстың индустриялық-инновациялық даму саласындағы жетістіктер туралы облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Ринат Қалдыбекұлының айтуынша, биыл индустрияланды­рудың екінші бесжылдығын аяқтай отырып, 28 жобаның 11-і іске қосылатын болады.
– Облыс экономикасын әр­тараптандыру мақсатында өңір­де металлургия кешенін құ­ру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта екі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны және «Бала­сауысқандық» ванадий кен орнын игеру жобалары, – деді ол.
Оған қоса, мамыр айынан бастап өңірде ет комбинатының құрылысы басталды. Бұл жы­лына 5 мың тонна етті те­ре­ң өң­дейтін комбинат бол­мақ. Негізгі өнім экспортқа ба­­ғыт­тал­ған, өнімі вакуумды қап­та­мада шығарылады.
Басқарма басшысы аймақта тұзға деген сұраныстың артуы­на байланысты жаңа испан цехын ашу ісі басталғанын жеткізді.
– «Аралтұз» акционерлік қоғамы биыл өнімге сұра­ныстың жоғары болуына байланысты 3-ші испан цехын са­лу мәселесін қарастыруда. Биылғы жылы кәсіпорын өнді­ріс көлемін өткен жылмен са­лыстырғанда 25 процентке арттыруда, – деді Р.Сұл­тангереев.
Айта кету керек, өңірде индустрияландыру картасы аясында 28 жоба өз деңгейінде орындалуда. Атқарылған жұ­мыс нәтижесінде 6 айдың қоры­тын­дысымен өңірге тартылған жалпы инвестиция көлемі 180 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Ал, өсу динамикасы бойынша Қызылорда облысы аймақтар қатарында алғашқы орында.

Шынар БЕКБАН
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 тамыз 2019 г. 789 0