Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тұрақты түрде мал ұрлығымен айналысып келген екі тұрғын қолға түсті. Олар сойылған сиыр етін базарға сату үшін өткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңақорған аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан Сырдария жағасында жайылып жүрген сиырын белгісіз адамдар ұрлап кеткені жөнінде шағым түсті.
Одан кейін оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Қолды болған мүйізді ірі қараның бағасы 250 мың теңгені құрайды. Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері 43 және 25 жастағы екі адамды қолға түсірді. Олардың екеуі де жұмыссыз, Жаңақорған ауданында тұрады.
«Қазіргі уақытта ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу барысында олар ұрланған сиырды сойып, етін базарлардың біріне сату үшін тапсырғаны анықталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің басқа да 12 мал ұрлығының дерегіне қатысы бар екені анықталды. Осы деректердің барлығына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.