Жалағаштық ардагерлер сайысқа түсті

Аудандық ардагерлер арасындағы дәстүрлі спартакиада осымен 9-шы рет ұйымдастырылып отыр. Шараға кент және ауылдық округтерден 130 ардагер қатысты, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Саламатты өмір салтын ұстанған ардагерлер спорттың 5 түрі бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, қол күрес, асық, бес асық, арқан тарту, жеңіл атлетика (60 м, 500 м, 1000 м), эстафета(40х80). Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, алда келе жатқан 30 тамыз - Конституция күнімен құттықтады.
– Сіздер ауданымыздың өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізді аямай келесіздер. Сіздерді өмірде әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген азамат ретінде танимыз. Сіздерді бұдан әрі де арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игілігі үшін қоғам өміріне белсене араласады деп сенемін, - деді ол.
Жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша І орынды Ақсу ауылдық округі иемденсе, ІІ орынды Жалағаш кентінің ардагерлері еншіледі. Ал жүлделі ІІІ орынды білім саласының ардагерлері місе тұтты. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, ақсуаттық ардагерлер спартакиадада қатарынан 4-рет жеңімпаз атанып отыр. Жалағаш ауданында қазіргі таңда 4000-ға жуық ардагер бар. Олар 79 бастауыш ұйымдарында есепте тұрады. Оны 11 адамнан құралған аудандық ардагерлер кеңесі басқарады. 1500-ге жуық батыр аналар бар.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 тамыз 2019 г. 354 0