Пойыз жолаушылары үшін қандай өзгерістер енгізілді

Пойызда шылым шегуге тыйым салу, жол билеттерін қайтарғаны үшін айыппұлды алып тастау және билет алыпсатарларымен күресті күшейту шаралары күшіне енді. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тиісті бұйрығы 28 тамыздан бастап күшіне енді.
«Атап айтқанда, бұл өзгерістер заңсыз билет алыпсатарларға қарсы бағытталған шаралардың бірі болып табылады. Ол ең алдымен, жолаушылардың ұйымдастырылған тобының жол жүруі мен рәсімделуіне қатысты. Енді заңды тұлғалардан тапсырысты заңды тұлғаның электронды-цифрлық қолы бойынша рәсімдеуге болады. Билет бұрынғыдай топтың барлық мүшесіне бір бланкта емес, әрбір жолаушыға бөлек рәсімделеді. Резервке қойылған орындарды сатып алу мен тапсырыс беру мерзімі де өзгертілді. Жолаушылардың ұйымдасқан тобының алғашқы тізіміне өгерістер енгізу бойынша шектеу бар. Қайтарылмайтын депозит көлемі топтың жалпы жол жүру құнының 30% құраса, бұрындары бір орынды резервке қоюға 290 теңге көлемінде алым алынатын», - деп хабарлады компанияның ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Бұдан басқа, барлық топтағы мүгедек тұлғаларға, сондай-ақ мүгедек-балаларға қатысты ережеге өзгерістер енгізілді. Оларға әлеуметтік–маңызды бағыттарда жол жүру құжатының (билеттің) 50% көлемінде, ал коммерциялық бағыттарда – тасымалдаушының қалауына қарай жеңілдік берілді.
«Жолаушылар пойызында темекі тартуға қатаң тыйым салынды. Жолаушының сапардан бас тартуымен байланысты жол жүру құжатын (билетті) қайтару операциясы үшін 1000 теңге көлемінде алым алынып тасталынды», - деді «Жолаушылар тасымалы» компаниясынан.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 тамыз 2019 г. 796 0