Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тиісті құжатсыз сыра өнімдерін сақтаған кәсіпкер жазаға тартылатын болды, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мамандары Жаңақорған кентінде алкоголь өнімдерін сатумен айналысатын кәсіпкерге салықтық тексеру жүргізді. Нәтижесінде оның жұмысынан бірқатар кемшіліктер анықталды.
«Тексеру барысында кәсіпкердің құны 3 млн теңгеге жуық сыра өнімдерін жүк құжатынсыз сатқаны және сақтағаны белгілі болды. Сыра өнімдерінің жалпы саны - 15980 дана. Осыған орай ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 82-бабына сəйкес құжат жиналды. Құжаттар шешім қабылдау үшін Жаңақорған аудандық сотына жолданды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары.