Қызылордада диабетиктерге ғана берілетін препаратты дәрігер өзі иемденіп кеткен

Қызылорда облысы Арал ауданында қант диабеті ауруына байланысты рецепті бойынша тегін берілетін «Виктоза» дәрісінің 35 қорабын осы диагнозбен науқас аудандық амбулаториялық емхананың дәрігері өзі негізсіз алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Виктоза» дәрісі қымбат тұрады. Оның бір қорабының бағасы 45 мың теңге шамасында. Бұл дәрінің 35 қорабын аудандық амбулаториялық емхананың дәрігері негізсіз алған. Нәтижесінде 5 адам қажетті дәріге қол жеткізе алмаған. Алайда, бір науқас үшін жылына «Виктоза» препаратының 18 қорабын ғана қолдануға рұқсат берілген. «Аталған дерек аудандық полиция бөліміне тергеп-тексеру үшін жүктеліп, осыған жол берген кінәлі медицина қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осыған орай, прокуратураның ықпалымен емхананың дәрігеріне берілген 10 қорап дәрі кері қайтарылды. Ол дәрілер қант диабеті бар 5 науқасқа толық таратылып берілді», - деді Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 тамыз 2019 г. 427 0