15 тамызда сағат 10:30 шамасында кезекші бөлімге Қызылорда қаласы Мұратбаев көшесіндегі азық-түлік дүкенінің жанынан 3 жасар баланың табылғандығы туралы қоңырау түсті.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Баланың туыстарын іздеуге бірден кіріскен ювеналды полиция аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Самат Исаев жақын маңдағы барлық жеке үйлерді аралап шықты. Содан кейін көппәтерлі үйлердің тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, ол баланың сол пәтерлердің бірінде тұратынын анықтады.
Көп ұзамай балақай алаңдаушылық білдірген анасына аман-сау қайтарылды.
Осыдан кейін анықталғандай, әжесі немересімен бірге дүкенге шығып, зат сатып алу кезінде бала дүкеннен шығып, келесі көшеге жүгіріп барып, жоғалып кеткендігі анықталды.
Полицейлер ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізді. Анасы полиция қызметкерлеріне, Самат Исаевқа ризашылығын білдірді. Егер бала тез табылмаса, қайғылы жағдай әбден болуы мүмкін еді.
Осыған байланысты полиция департаменті ата-аналарды балаларына, олардың тәрбиесіне ұқыпты және мұқият болуды шақырады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі