Полицейлер жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасаған ер адамды ұстады, - деп хабарлайды Елорда Инфо Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"21 тамызда сағат 03.20 шамасында жедел жәрдем бригадасы кезекті шақыртуға бара жатып, жолда жатқан адамды байқаған. Дәрігерлер дереу көмек көрсетпек болғанда, ер адам оларға бас салған. Өзін агрессивті түрде ұстап, жүргізушіні бірнеше рет ұрып жіберген. Сондай-ақ, дәрігерлер бригадасына шабуыл жасамақ болып, жедел жәрдем көлігіне зақым келтірген", - делінген департаменттің хабарламасында. Шұғыл түрде жеткен полиция жасағы ер адамды ұстап, Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізді. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 28 жастағы азамат мас күйде болған. Бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.