Үстіміздегі жылдың басынан бері облыс көлемінде 19 адамның суда қаза болу оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 6-ы бала болып отыр. Сондай-ақ, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қайтыс болған адамдар саны 21 пайызға, бала саны 14 пайызға азайған. Бұл жайында қалалық әкімшіліктің баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында «Суда құтқару қызметі» ММ басшысының орынбасары Б.Оқасов мәлім етті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Айгүл Нұманованың хабарлауынша, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 24 адамның суға кету оқиғасы тіркелсе, оның 7-і бала болатын. Үстіміздегі жылы суға түсу маусымынан суға кеткен адамдар саны 12 адамды құрайды. Оның 3-і бала, олар Қазалы, Сырдария, Жанақорған аудандарының тұрғындары болып табылады. Ал 13 адамның өмірін «Суда құтқару» қызметкерлері дер кезінде әрекет жасап сақтап қалды. Барлық құзырлы органдар бірлесіп, әрекет ету мақсатында ішкі істер, білім, ішкі саясат, денсаулық сақтау, көлік және балық инспекциялары, тұтынушыларды қорғау, жұмылдыру дайындығы және басқа да құзырлы басқармалармен бірлескен кешенді іс-шараларының жоспары жасалып, облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген. Жоспарға сәйкес суға түсу маусымына тиесілі алдын алу шаралары ұйымдастырылуда.