Адал еңбектің үлгісі

ҚР Үкіметінің «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында қабылданған «Жаңғырған ауыл» жобасының аймақта жүзеге асуына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ат салысып келеді. Жоба мақсаты – ауылдардағы еңбек династияларын халыққа таныту, шаруашылық түрлерін насихаттау болып табылады.

Мал өсіріп қазақ халқының ата кәсібін дамытып отырған шаруашылықтар да аймағымызда баршылық.

Осындай игі істе «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы!» деген қағиданы ұстанып, ел абыройына бөленіп отырған Ахметовтер  әулетін ерекше атауға  болады.

Еңбек династиясының негізін салушы - Ахмет Халықов заман ағымына байланысты Өзбекстан елінде 1926 жылы дүниеге келіп, 1961 жылы Қызылорда қаласына көшіп келген. 1962 жылы Қаракөл совхозында шопан болып жұмысын бастаған азамат 1986 жылы еңбек демалысына шыққан. Еліне сіңірген еңбегі үшін 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. «Ленин» ордені мен «Құрмет» белгісінің иегері. Компартияның Бүкілодақтық ХҮ съезінің делегаты, бірнеше рет облыстық, аудандық ОК пленумінің мүшесі болған. Ахмет ағамыз 2006 жылы 80 жасында дүниеден өтсе де, ата кәсіпті ұрпақтары жалғастыруда. Жолдасы Толқын Мырзағалиқызы  - 1933 жылы дүниеге келіп, он бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Ол кісі де 1999 жылы дүниеден өткен.

         Ахмет ағамыздың баласы – Мүслім Ахметов 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Көксу ауданында дүниеге келген. Мектеп табалдырығын Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №1 мектеп-интернатында аттап, 1974 жылы үздік бітіріп шығады. 1976-1978 жылдары әскери борышын өтеген соң Талдықорған қаласындағы зооветеринарный техникумына түсіп, 1981 жылы қызыл дипломмен аяқтайды. Сол жылдан бастап Қаракөл ауылында еңбек жолын зоотехник-селекционер қызметінен бастаған. 1983 жылы ферма зоотехнигі, 1985 жылы ферма меңгерушісі қызметтерін атқарады. Кейін әке таяғын ұстап, шопандық қызметке ауысады. 1995 жылдан 2001 жылға дейін Қаракөл совхозы тарағанша түйекеш болып қызмет етеді. Еңбегі еленіп, озат шопан, озат түйекеш атақтарын алады. 2001 жылдан бастап әкесінің құрметіне «Ахмет» шаруа қожалығын құрды. 2014 жылы ауыр науқастануына байланысты шаруашылықты кіші ұлы Гамзатқа тапсырады. Мүслім  аға өнегелі отбасының әкесі, 3 ұлы, 3 келіні және 5 немересі бар. Бұл күнде Мүслім Ахметов ІІ топ мүгедектігімен зейнетке шыққан ардагер азамат.

         Ал әке жолын қуған Гамзат 1989 жылы дүниеге келген. Үнемі әкесінің қасында болып, көмектесіп еңбекке шыңдалған. Әкесінің науқастануына байланысты шаруашылықты 2014 жылдан бері өзі басқарып келеді. 2015 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, мал басын көбейтіп тіршілігін дөңгелетуде. Бүгінде қожалықта 80 сиыр, 90 түйе, 15 жылқы бар. Келешекте жылқы малын көбейтуді жоспарлап отыр. Ел арасында жас болса да шаруашылық басшысы мектепте оқитын тұрмысы төмен отбасының балдарына қайрымдылық көрсетіп, жомарт жан ретінде де танылды. Бұл еңбегі еш кеткен емес, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін 2014 жылы қала әкімі Н.Нәлібаевтың, 2015 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың алғыс хаттарымен марапатталса, 2015 жылдың 22-23 мамырында өткен бірінші облыстық малшылар слетінде облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Малшылар династиясы» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.

                Қандай кәсіп болмасын берекесін тілейтін халқымызға, әсіресе,  жастарға Ахметовтер әулетінің еңбек жолы үлгі болары сөзсіз. Әулеттің кәсібі келешекте әлі де жаңғыра түсетініне сенім мол.

Облыстық Қазақстан халқы

                                                                              ассамблеясы баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 тамыз 2019 г. 489 0