Сот Алмазбек Атамбаевтың изоляторда ұстау мерзімін ұзартты

Сот Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Мемлекеттік ҰҚК тергеу изоляторында 26 қазанға дейін қалдыру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Шешім Бішкектің Первомай аудандық соты судьяларының бүгін өткен көшпелі отырысында қабылданды.
Еске сала кетейік, Қырғызстанның бұрынғы президенті бірнеше бап бойынша айыпталып отыр. Атап айтқанда, Атамбаев: Бішкек жылу энергия стансасын жаңғырту кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берді, Бішкек жылу энергия стансасына көмір жеткізуде сыбайлас жемқорлыққа жол берді, заңсыз жолмен табыстарын арттырды («Форум» ғимараты ісі), Геология агенттігінің жекелеген лауазымды тұлғаларымен бірге лицензия беру бойынша сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікке іліккен.
Бұдан бөлек, бас прокурор Откурбек Джамшитов Атамбаев қару қолдану, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, тергеуге кедергі жасау, адамдарды кепілге алу, адам өлтіруді ұйымдастыру, адам өлтіруге әрекет жасау баптары бойынша күдікке ілінген мәлімдеген.
Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Орозбек Опумбаев Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев төңкеріс жасамақшы болды деген еді.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 тамыз 2019 г. 392 0