«Түркия стипендиясы» бағдарламасы бойынша Қазақстанға 100-ден астам орын бөлінді

Түркияда 150 мыңға жуық шет ел студенттері білім алады. Олардың 17 мыңнан астамы «Түркия стипендиясы» бағдарламасы бойынша оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24». 
Бұл туралы шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасының басшысы Абдуллах Эрен хабарлайды. Оның айтуынша, түрік үкіметі шетелдік студенттердің санын республиканың 100 жылдығына орай 200 мыңға шығарып, 20 мыңнан астамына грант бермекші. Түрік азаматтарына мемлекеттік жоғары оқу орынында білім алу тегін. Алайда, үкімет тарапынан берілетін шәкіртақы болмайды. Сәйкесінше, жоғары оқу орындарына түсу де оңай емес. Түлектер арасында қатаң бәсеке жүреді. Дегенмен елде шетелдік студенттердің жергілікті халыққа қарағанда білім алу мүмкіндігі мол әрі жеңіл. Оларға арналған бірқатар грант бағдарламалары мен жоғары оқу орындарының арнайы бағдарламалары бар.
Абдуллах Эрен, шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасы басшысы:
 - Биыл «Түркия стипендиясы» үшін 150 мыңнан астам үміткер өтініш жазды. Солардың 3 мыңы грант иегері атанады. Бұл бір орынға 50 адам таласады. «Түркия стипендиясы» грант иегерлерінің оқу, жатын орын, айлық шәкіртақы, медициналық сақтандыру мен жол шығындарын қамтиды. Мұндай бағдарламалар әлем бойынша санаулы ғана. Қазіргі кезде Түркияда 2000-нан астам қазақстандық білім алуда. Студенттердің басым бөлігі – түрлі бағдарламалардың грант иегерлері. Қазақ елінен барған шәкірттер көбіне гуманитарлық, техникалық, жаратылыстану және инженерия саласында өз білімдерін шыңдап жүр. Биыл Түркия үкіметі «Түркия стипендиясы» бағдарламасы бойынша Қазақстанға 100-ден астам орын бөліпті.
Абдуллах Эрен, Шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасы басшысы:
 - Қазақстаннан биыл 3500-ге жуық өтініш түсті. Бұл – бұл бұрынғыға қарағанда жоғары көрсеткіш. Жылдағыдай биыл да 150-ге жуық қазақстандыққа стипендия тағайындаймыз. Ал қай мамандыққа қанша гранттың бөлінуі екі елдің келісіміне сәйкес жүзеге асады. Қай мамандық елде тапшы болса, соған орынды көп бөлеміз. Бұдан бөлек, Түркияда әрбір жоғары оқу орнының шетелдік студенттерге арналған сынақтары бар. Грантқа түсе алмағандар көбінесе осы жолды таңдайды. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, пайдаланғандардың бірі – Әлихан Ками. Елордалық жігіт түрік елін ерекше мамандық үшін таңдапты. Әлиханның мақсаты – шетелде білімін шыңдап, еліміздің баламалы энергия саласын дамытуға өз үлесін қосу.
 Әлихан Ками, баламалы энергетика инженері:
 - Түркия мемлекетінің баламалы энергия саласында Қазақстанға қарағанда жетістіктері мол. Сондай-ақ жергілікті университеттердің білім сапасы өте жоғары. Мұндағы профессорлар АҚШ пен Германия секілді елдерде біліктілігін арттырып, сондай-ақ жұмыс істеп, тәжірибелі маман ретінде білім беріп жүр. Жалпы Түркия шетелдік студенттерге 1992 жылынан бері грант бөле бастады. Қазірде елде 200-ден астам мемлекеттің азаматтары білім алып жүр. Түрік елінің шетелдік студенттерді оқытудағы мақсаты – болашақта осында оқыған азаматтар өз елі мен Түркия арасындағы ынтымақты нығайтуға күш салады деген үміт.

 Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 тамыз 2019 г. 376 0