Тамыз конференциясы барысында «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды ынталандырудың жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Педагогтардың мәртебесін шынайы көтеруді қамтамсыз ету маңызды. Қазір айтып жатқанымыздың барлығы мұғалімдерге байланысты. Бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін педагогтардың жоғары мәртебесіне сөз жүзінде қол жеткізуіміз керек. Педагог мәртебесі туралы заң жобасында қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Бұл ұстаз жүктемесін қысқарту, ар-абыройының сақталуына кепіл беру, материалдық ынталандыру... Соның ішінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе ақы төлеу, барлық педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге дейін көбейту, магистрлік деңгей үшін қосымша төлем және өзге де ынталандыру шаралары бар», - деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тамыз конференциясы өтіп жатыр. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында ағылшын тілін оқыту қай сыныптардан басталатынын айтты.