Сырдарияда жалға берілген пәтерлер кері қайтарылды

Сырдария аудандық прокуратурасы коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерді тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Жалға берілген нысандар бойынша тиісті төлемдер бюджетке уақытылы және толық түспеген, - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметінен.

Тереңөзек кенті бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорындағы 48 тұрғын үй азаматтарға тұрғын үйді жалдау шарты негізінде жалға берілген. Бүгінгі күнге 36 азаматқа жалға берілген тұрғын үйлерді пайдаланудан барлығы 2 990 625 теңге қарыздың қалыптасқаны анықталды.

Жалға беруші Тереңөзек кенті әкімінің аппараты мен жалға алушылар арасында жалдау шарттары бар. Оған сәйкес төлем мерзімдері сақталмаған жағдайда мерзімі өткен әрбір күнге төлем сомасының 0,1%-і мөлшерінде өсімпұл есептелетіні айқындалған.

Сонымен қатар шарттың 7-тармағының талаптарына сәйкес бір айдан артық ақы төленбеген жағдайда жалға беруші сот шығындарының орнын толтыра отырып, жалға алушыдан төлемді мәжбүрлеп өндіріп алу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Дегенмен, 49 жалға алушының 5-і мемлекеттік мүлікті пайдаланғаны үшін шарт құрылған күннен бері төлемеген.

Прокуратураның ұсынысымен бүгінгі күнге 3 пәтер пайдаланушыдан 315 мың теңге көлемінде қарыз аударылды. 16-сына қатысты құжат жеке нотариус арқылы сотқа жолданды.

Сонымен қатар мүлдем төлемақы жүргізбеген және пәтерлерін басқа, яғни үшінші тұлғаға уақытша пайдалануға берген азаматтардан пәтерлерді кері қайтару жөнінде арыз аудандық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылды. Нәтижесінде комиссия 5 пәтерді кері қайтару жөнінде шешім қабылдады. 

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2019 г. 853 0