Кәріз жүйелері қайта жаңғыртудан өтуде

 Ұлттық Экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің бастамасымен баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдері «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның көпқабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйелеріне жүргізіп жатқан жаңғырту және қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Алғашқы нысан қаланың Есенов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер болды. Мұнда тозығы жеткен кәріз құбырларына толығымен жаңғырту жұмыстарын  «Нұрай-Ақжол РГ» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Бұдан бөлек, мекеме Абай даңғылы мен Ғ.Мұратбаев көшелеріндегі және №14 КНС-ке дейінгі кварталаралық 6,5 шақырым кәріз жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізеді. «Қызылорда су жүйесі» МКҚК директоры Марат Жәмиевтің айтуынша, бұл үйлердің кәріз жүйелері 1970 жылдан бері жөндеуден өтпеген.
–  Үйлердің кәріз құбырлары салынғалы жөндеу көрмеген. Биыл қолға алынуда. Жұмыс толығымен қыркүйек айында бітеді. Пайдалануға берілген соң тұтынушылар жағымсыз иістерден, өжірені су басу секілді мәселеден құтылады. Ең бастысы, халыққа көрсететін қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Кәріз құбырларының жарамдылығы – 50 жыл.  Мұндай жаңғыртуды қажет ететін нысандар көп. Бірақ бәрі кезең-кезеңімен шешімін таппақ, – дейді М.Жәмиев.
Айта кету керек, “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы бойынша биыл 12 КНС-ке қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ,  2 ауыз су нысаны мен 1 кәріз су жүйесі күрделі жөндеуден өтеді.
Мұнан кейінгі бағыт «Қызылорда су жүйесі» МКК теңгеріміндегі «Мерей» ІІ су көтеру насос станциясы болды. 1982 жылы салынған станция былтыр  қайта жаңғыртудан өткен.  Жобалық қуаттылығы  – тәулігіне 4800, нақты су беру қуаттылығы  – 2590 текше метр. Бұл су алу құрылымы арқылы «Мерей» және “Ақмешіт” мөлтек аудандары үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етілуде.
– Бізде 4 су тоғаны бар. Соның бірі –  «Мерей» ІІ су көтеру насос станциясы.  Өткен жылы қайта жаңғыртудан өтті. 4 насос қондырғысы жұмыс жасап, халықты таза ауызсумен қамтып отыр. Жалпы Қызылорда қаласында бұрынғыдай жоғары қабаттарға су көтерілмеу мәселесі қазір жоқ. Өйткені, 2018 жылы ауыз су құбырларына бірқатар жөндеу жүргізілді. Соның ішінде «Қызылжарма», «Мерей» су алу құрылымдарында, №15,14 КНС ауызсу және кәріз су нысандарының ашып-жабу ысырмалары ауыстырылды. Сондай-ақ, қолданыста қатар жүрген 20 шақырым ескі су құбыры орталық ауыз су жүйесінен ажыратылып, судың қысымы көтерілді. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің 4-5 қабаттарына ауызсу көтеру үшін көтерме насос қондырғыларын пайдаланбайтын болды, – деді «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Марат Жәмиев.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 тамыз 2019 г. 408 0