Биыл 405 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды

Республика бойынша биыл жаңа оқу жылында оқитын оқушылардың саны 3 миллионнан асады. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындалу бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатыр. Осы жерде ең маңызды бағыттарды атап өтсем: оқулықтармен қамтамасыз ету жұмысын жүргізу, білім беру нысандарын пайдалануға беру, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері. Мектепке дейінгі тәрбие бойынша айтар болсам, 2018 жылғымен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 279-ге көбейді. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95,2 пайызды құрайды. Қабылданған шараларға қарамастан, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының, Түркістан мен Алматы облыстарының мектепке дейінгі ұйымдарында кезек әлі де сақталуда», - деді министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуына қарағанда, мемлекеттік балабақшаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Күрделі жөндеу 49 балабақша бойынша қарастырылған.

«Оның 33-де күрделі жөндеу қазіргі уақытта аяқталды. Қалғандарының жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында шегіне жетеді. Жалпы, мектепке дейінгі ұйымдар жаңа оқу жылына дайын», - деді ол.

Министрдің айтуына қарағанда, биыл мектептерде 3 млн-нан астам бала білім алады.

«2016 мемлекеттік мектеп жұмыс істейтін болады. Жаңа оқу жылында мектептерге 3 млн-нан астам бала келеді. Биыл 405 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Жалпы, өткен жылдың көрсеткішпен салыстырғанда 20 мыңға көп», - деді министр.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 тамыз 2019 г. 381 0