Өтіп бара жатқан аптада бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйістер болды. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бұл аптада Қазақстанда болған кадрлық тағайындауларға шолуын ұсынады.
Аптаның басында Үкімет қаулысымен Ерлан Нұрәлиұлы Нысанбаев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ерлан Нысанбаев 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1983 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығының инженері мамандығы бойынша, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1983 жылы орман шаруашылығы шебері болып бастаған. Түрлі жылдары мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеген. 2009–2013 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы лауазымын атқарған. 2013 жылғы ақпанда ҚР қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болып тағайындалған, 2014 жылғы тамыз айынан бастап қазіргі таңға дейін — ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі болып келді.
***
Өңірлерде де кадрлық ауыс-түйістер баршылық. Атап айтқанда, Алматы қаласы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің және қала мәслихатының келісімі бойынша Мақсат Қиқымов Жетісу ауданының әкімі болды. 33 жастағы мемлекеттік қызметші Экономика мен статистика Академиясы мен «Туран» университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы бастаған. Әр жылдары банк саласы мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. 2012 - 2015 жылдары – Алматы қаласы Қаржы басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы, басшының орынбасары, 2015-2017 жылдары – Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы, Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы болған. Сондай-ақ, Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, 2017 - 2018 жылдары – Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы, 2018 – 2019 жылдары – Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы, 2019 жылдың ақпанынан Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. *** Ал еңбек жолын 2001 жылы ҚР Әділет министрлігінде бастаған Марат Сембеков «Nur Otan» партиясының хатшысы болып тағайындалды. Марат Сембеков 1979 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтаған. Әр жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, Премьер-Министрдің Кеңсесінде, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде жұмыс істеген. 2010-2015 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі басшысының орынбасары болған. 2015 жылдан 2019 жылға дейін Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2019 жылдың ақпанынан шілде айына дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.
***
Осы аптада сондай-ақ, Мемлекет басшысының Өкімімен Ғани Сақтағанұлы Нығыметов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне келді. Ғани Сақтағанұлы Нығыметов 1983 жылы дүниеге келген. Ақтөбе облысы Шалқар қаласында туған. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, халықаралық қатынастар маманы (2005); Монтерей халықаралық зерттеу институты («Болашақ» бағдарламасының стипенлиаты), Монтерей, Калифорния, АҚШ, мемлекеттік басқару магистрі (2007); Назарбаев Университеті және Дьюк Университеті (АҚШ), Жоғары бизнес мектебі Астана қаласы, іскерлік әкімшілендіру магистрі (2014); Колумбия университеті, бизнес-мектеп және т.б. Еңбек жолы: БҰҰ Даму бағдарламасы ТҚҚ ДБ штаб пәтерінде тағылымдамадан өтуші (02.2007-07.2007); ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк жанындағы ұлттық талдау орталығы» АҚ мемлекеттік басқару департаменті жобасының менеджері (2007-2009); «Назарбаев Университеті» халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры (2009-2012); Назарбаев Университеті «Энергетикалық зерттеу орталығы» бас директорының орынбасары (01.2012-11.2012 «Nazarbayev University Research and Innovation System» (Chief Business Development Officer) бизнесті дамыту жөніндегі бас директор (2012-2013); ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті (2013-2016); «Стратегиялық бастамалар орталығы» ЖШС атқарушы директоры (2016-2017).
***
Шілденің 30-ы күні Сүлеймен Демирел университетінің президенті Мейірбек Мәжитов еңбек ұжымына оқу орнының жаңа ректоры Қуаныш Ерғалиевті таныстырды. Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев 2006 жылы Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған. 2009 жылы «Болашақ» стипендиясы арқылы АҚШ-тағы Тулейн университетінде Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алған. Сонымен бірге, Қ. Ерғалиев Гарвардтың Т. Х. Чан атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде білім алған және қоғамдық денсаулық сақтау докторы дәрежесін қорғаған.
***
Үстіміздегі аптада Ақтөбеде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы мен Ақтөбе облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі тағайындалды. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметіне Ербол Данағұловты тағайындады. Ал Ақтөбе облысы әкімінің әскери қауіпсіздік, қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметіне Әділбек Сәрсенұлы Құлтаев келді.
***
Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы болған Болат Мажағұлов ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне келді. Болат Мажағұлов 1983 жылы 1 тамызда дүние есігін ашқан. Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі. 2007-2008 жылдары Мәдениет министрлігі Тарихи-мәдени мұра департаментінің бас маманы, одан соң көркемөнер бөлімінің басшысы болды. 2009 жылдың қыркүйегінен бастап елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайының директоры қызметін атқарды. 2010 жылдың қараша айынан бастап елорданың Мәдениет және спорт басқармасының басшылығына тағайындалды. Сондай-ақ, Б. Мажағұлов 2018 жылы қазақстандық джиу-джитсу қауымдастығын басқарды.
***
Өтіп бара жатқан аптада ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасарлары тағайындалды. ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі болып қайта аталуына байланысты, ҚР Үкіметінің қаулысымен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлері қызметтеріне Марат Рахмалыұлы Нұрғожин, Асхат Елубайұлы Оразбек, Абылайхан Есенұлы Оспанов, Дарын Шылбыұлы Тұяқов келді. Марат Нұрғожин 1957 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Н. Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін бітірген. Еңбек жолын 1980 жылы бастаған. Түрлі жылдары Қарағанды политехникалық институтында, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде, Білім және ғылым министірлігінде, «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ жұмыс істеген. 2016–2019 жылдары — қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі. 2019 жылғы сәуірде цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды. Асхат Оразбек 1976 жылы Қарағанды қаласында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қолданбалы математика институты зертханасының инженері болып бастаған. Түрлі жылдары ҚР Президент Әкімшілігінің Ақпараттандыру және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімі секторының меңгерушісі болды, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Транстелеком» АҚ басшылық лауазымдарды атқарды. 2017 жылдың ақпанынан бастап ҚР Блокчейн және криптотехнологияларды дамыту қауымдастығының вице-президенті болды. 2019 жылғы сәуірде цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды. Абылайхан Оспанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін бітірген. Түрлі жылдары «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабында, түрлі коммерциялық ұйымдарда, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ішкі істер, байланыс және ақпарат, көлік және коммуникациялар, инвестициялар және даму министрліктерінде, ҚР ақпарат және байланыс агенттігінде, «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының қабылдауында, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ жұмыс істеді. 2017–2019 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы болды. 2019 жылғы сәуірде цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды. Дарын Тұяқов 1969 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ю.В. Андропов атындағы Ленинград жоғары әскери-саяси әуе қорғанысы училищесін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын Халықаралық бизнес академиясын бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы бастаған. Әуе қорғаныс күштері радиотехникалық әскер жеке радиолокациялық ротасы командирінің орынбасары, ҚР Әділет министрлігінің жетекші кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2002 жылдан 2018 жыл аралығында «Қазақтелеком» АҚ түрлі қызметтерде — заң бөлімінің бастығынан бас директорға, Аппарат басшысы, басқарма мүшесіне дейінгі қызметтерді атқарды. 2018–2019 жылдары - ақпарат және коммуникациялар вице-министрі. 2019 жылғы сәуірде цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды.
***
Аптаның кадрлық ауыс-түйістерінің ішінде ең есте қаларлығы – Шымкент қаласы әкімінің ауысуы екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шымент қаласына әкім болып Ерлан Айтаханов келіп отыр. Ерлан Айтаханов 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында туған. Еңбек жолын 1994 жылы «Alem Bank Kazakstan» кредит беру департаментінің экономисі болып бастаған. 1995-2012 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің кредит беру департаментінің бас маманы, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бөлімінің бастығы, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Жолаушылар тасымалы» еншілес мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасының бастығы, экономика, қаржы және бухгалтерлік есеп департаментінің бастығы болып жұмыс істеген. Одан кейін Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі қаржылық реттеу департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының кеңесшісі, Алматы қаласы тарифтер жөніндегі басқармасының бастығы, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі Ақмола облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған. 2014-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. Ерлан Айтаханов 2016 жылдан бастап осы күнге дейін Түркістан облысы Отырар ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
***
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жарлығымен Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Мәулен Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі. 1995 жылғы маусым - қараша аралығында - Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты. 1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі. 2000-2002 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары (2006-2011); V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (2012-2016); VІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы (2016-2018). 2018 жылдың ақпанынан бері «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келді.
***
Сонымен бірге осы аптада ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі Талғат Жанжүменовтың ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалғанын мәлім етті. Т. Жанжүменов 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ленин комсомолы атындағы Вольск Жоғары әскери тыл училищесін, РФ Қорғаныс министрлігінің Әскери тыл және көлік академиясын, РФ Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған. Жоғары арнайы әскери, оперативті-стратегиялық білімі бар офицер. Еңбек жолын 1989 жылы танк полкінің азық-түлік қызметінің басшысы болып бастады. Түрлі жылдары ҚР Әскери әуе күштерінде, ҚР Қарулы күштерінде, ҚР Қорғаныс министрлігінде, ҚР Республикалық гвардиясында, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінде қызмет атқарды. 2015–2016 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі, 2016 жылғы қазаннан бастап 2019 жылғы сәуірге дейін ҚР қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылғы сәуірден бастап қазіргі таңға дейін ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі болды.
***
ҚР Үкіметінің қаулысымен Нұрлан Оралбекұлы Борамбаев Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілі атанды. Н. Борамбаев 1971 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген. 1993 жылы «Еңбекке баулу және жалпы техникалық пәндер мұғалімі» мамандығы бойынша С. Сейфуллин атындағы Ақмола педагогикалық университетін, 1995 жылы «бухгалтер-ревизор» мамандығы бойынша Ақмола қаржы-экономикалық техникумын, 2007 жылы «экономика» мамандығы бойынша Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. 2012 жылғы наурыз бен 2013 жылғы қазан аралығында ҚР Президенті Іс Басқармасының «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» РМК директорының орынбасары, 2013–2017 жылдары «Астана қонақ үйі» АҚ президенті, 2017 жылғы шілдеде ҚР Президенті Іс Басқармасының «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» РМК директорының орынбасары, 2019 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі таңға дейін — «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» ММ басшысының орынбасары болған.
***
Шымкенттегі әкіммен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жаңа басшы келді. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың бұйрығымен бұл қызметті Асхат Жұмағали атқаратын болды. Айта кетейік, Асхат Жұмағалидің құқық қорғау жүйесінде тәжірибесі мол, прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында жұмыс істеген. Еңбек жолын прокуратураның қатардағы маманынан бастап, өңірлік департамент басшысына дейін барлық лауазым сатыларынан өткен. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарды.
***
Сонымен қатар, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы Алик Шпекбаевтың бұйрығымен ведомствоның Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы қызметіне Хаким Көшқалиев тағайындалды. «Х. Көшқалиев еңбек жолын слесарь маманынан бастап, түрлі салаларда атқарушылық қызметтерден департамент басшысына дейін бірқатар лауазымдарды атқарды. Ол прокуратура, әділет органдарында және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласында мол тәжірибе жинақтаған. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Штаб департаметінің басшысы қызметін атқарды», - деді ведомствоның Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінен.
***
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қайрат Әбдірахманов 1964 жылы 21 сәуірде Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, аспирантурасын тәмамдаған. 2008-2011 жылдары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Вена қаласындағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2013-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметін атқарды. 2016-2018 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі болды. Қазіргі қызметін 2019 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.
***
Директорлар кеңесінің шешімімен Питер Гриффитс «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас директоры болып келді. Питер Гриффитстің азаматтық авиация саласында мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Ол Ұлыбритания Көлік Министрлігінің Азаматтық Авиация Департаментін басқарды және Ұлыбританияның Азаматтық Авиация Агенттігінің (UKCAA) жұмысына жетекшілік етті. EasyJet Luton компаниясының ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздігі жөніндегі директоры болды. Ол Сауд Арабиясында жаңа лоукост Nas Air (Flynas) авиакомпаниясын іске қосу жөніндегі жоба жетекшісі болды. Ол Airbus 320 және Boeing 737 ұшақтарында командир ретінде ұшқан. Бірнеше жылдар бойы ол Еуропалық Комиссияда басшылық қызметтер атқарды. Питер Гриффитс Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) Еуропалық аймағының вице-президенті болды және азаматтық авиацияның әртүрлі коммерциялық ұйымдарын басқарды.