Қызылордада полиция қызметкерлеріне дене жарақатын салған 4 жігіт қолға түсті

Қызылордада полиция қызметкерлеріне дене жарақатын салған 4 тұрғын қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 Аталмыш оқиға бүгін 3 тамызда түнгі сағат 03.30 шамасында болған. Сол сәтте полицияның кезекші бөліміне облыс орталығындағы дәмханалардың бірінде жас жігіттердің төбелес шығарып жатқаны жайында хабарлама түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлерінің заңды талабына бұзақылық танытқан белгісіз азаматтар бағына қойған жоқ. 
Тіпті қарсылық көрсетіп, дене жарақатын салған. «Құқық бұзушылардың әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында полиция қызметкерлері табельді қару қолдануға мәжбүр болды. Оларға ескерту ретінде аспанға бір рет оқ атқан. Жедел шаралар барысында оқиға орнында жас шамасы 25-30 аралығындағы 4 адам ұсталды. Аталған дерек бойынша Қызылорда қалалық Полиция басқармасы ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабының 1-бөлігі және 380-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін бастады. Онда бұзақылық және билік өкіліне қатысты күш қолдану жағдайлары көрсетілген. Полиция қызметкерлері табельдік қару қолдану дерегіне құқықтық баға беру үшін департамент тарапынан қызметтік тергеу жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 
Қазіргі уақытта ұсталғандардың біреуі Қызылорда қалалық полиция басқармасынының уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қалғанына қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қаралуда. Бұдан бұрын Қызылордада алаяқтық қылмысы өршіп тұрғанын хабарлаған едік.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 тамыз 2019 г. 956 0