Шиелі ауданының тұрғындары облысымызда алғашқылардың бірі ретінде «көгілдір отынның» игілігін көре бастағандарын мақтаныш етеді. Бұл, расында, халық тұрмысына деген көп жеңілдік әрі бұрынғы қарабайыр тірлікке қарағанда әурешілігі мен шығыны аз игілік.
Шиелі кенті бойынша 6488 тұрғын үй болса, соның ішінде 5338 отбасы яғни аудан орталығы тұрғындарының 82 процентіне газ желісі жеткізілген. «Алайда, әлеуметтік жағдайына байланысты 1150 отбасы бұрынғы тіршілігін қанағат тұтып отыр», дейді аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшылары. Әрине, олардың да алдағы уақытта бұл игілікті пайдалана бастайтыны анық. Тағы бір қуанарлығы, аудандағы кей ауылдар көгілдір отынды пайдалана бастады. Мәселен, Бидайкөл ауылынан 23 абонент тіркелсе, Жақаев ауылында 57 отбасы газ жүйесіне қосылды. Сондай-ақ, Ақмая және Байсын ауылдарында табиғи газ жүргізу жұмыстарының техникалық шарттары қарастырылу үстінде.
Газдандыру – халық тұрмысына көп жеңілдік. Дегенде, үйлестіру жұмыстары барысында шалағайлық деуге болатын жағдайдың да бар екенін жасыруға болмайды. Абоненттер тұтынған қызмет ақысын төлеу барысында банкке сабылып, уақытын шығындау әурешілігінен құтыла алмай келеді. Көпшілікке белгілі, жұмысқа қолы іліккен жастар жұмыс кезінде әрі-бері сабылуға мұршасы болмаса, осындай әлеуметтік төлемдерді мойнына ілген зейнеткерлер тізелері тоғысып әуре-сарсаңға көп түседі. Сондықтан да тұрғындар тілегін ескере отырып, газ мекемесінің ішінде арнайы төлемақы терминалын орнатса, барынша тиімді болар еді. Бұл ұсынысқа газ тарату операторының басшылары бейжай қарамайды деп үміттенеміз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.