Көлік иесі жолды күтіп ұстамаған «ҚазАвтоЖолдан» 8 млн өндіріп алды

«Нұр-Сұлтан-Петропавл» трассасында жол апатына түскен көлік иесі жолды күтіп ұстамаған «ҚазАвтоЖол» компаниясынан 8 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 Нұр-Сұлтан қалалық соты таратқан ақпаратқа сәйкес, 2018 жылдың қаңтар айында «Нұр-Сұлтан-Петропавл» бағытындағы жолдың 82 шақырымында «Skoda Rapid» пен «Skoda SuperB» маркалы автокөліктер соқтығысқан. 
Салдарынан «Skoda Rapid»-тің жолаушылары Ақмола облысының Шортанды және Ақкөл аудандарының орталық аудандық ауруханаларына әртүрлі дене жарақатымен жеткізілген. Кейіннен бір жолаушы көз жұмды. Ақмола облыстық Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (жолаушы өліміне алып келген жол апаты) бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады. 
Бірақ «Skoda Rapid» жүргізушісінің ісінде қылмыс құрамының болмауына байланысты соталды тергеу тоқтатылды. Көлік иесі жолаушыларға, оның ішінде қаза тапқан жолаушының жұбайына материалдық шығын мен моральдық зиянды толығымен өтеп берген. «Skoda Rapid» маркалы көліктің нарықтағы бағасы 2 894 000 теңге деп бағаланған. Көлік қайта қалпына келтіруге жатпайды. Осыдан кейін көлік иесі Есіл аудандық сотына «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-дан 8 194 000 теңге көлемінде шығынды өндіріп беру туралы арызбен жүгінді. Бұл сомаға жолаушылар мен көз жұмған жолаушының жұбайына төленген ақша және қалпына келтіруге жатпайтын көліктің құны енгізілген», - делінген елорда соты таратқан ақпаратта.
 Нәтижесінде сот «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы көлік апаты болған күні жолды қардан аршу бойынша да, көктайғаққа қарсы да ешқандай шара қабылдамағанын анықтаған. «Сондай-ақ аталмыш жол учаскесінде қозғалысты жабу немесе жылдамдықты шектеу бойынша да ешбір шара қолданылмаған. Сот шешімімен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамынан «Skoda Rapid» иесінің пайдасына көрсетілген шығын сомасы өндірілді. Шешім заңды күшіне енді», - делінген ресми ақпаратта.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 шілде 2019 г. 310 0